Без категории

Орман алқаптары тазартылуда

Солтүстік Қазақстан облысының 550 мың га жерін мемлекеттік орман қоры алып жатыр. Жыл он екі ай бұл аумақ жіті бақылауда. Темекі немесе от ұшқыны жасыл желектерге тисе, қызыл жалын бір мезетте-ақ бірнеше гектар жерге тарап кетуі мүмкін. Сондықтан, бұндай оқыс оқиғаның алдын алу үшін орманшылар тазарту шараларын жүргізеді. Яғни, алқаптардағы жаңадан өскен бұталар мен ағаштардың төмен тұрған бұтақтарын кесіп, құлаған ағаштарды сыртқа шығарады екен.


Василий Лабанчук – СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:


– Бұндай шараларды өрт қаупін тудырмау үшін жүргіземіз. Себебі, қызыл жалын бұталар арқылы лезде тарап кетуі мүмкін. Облыс бойынша тиісті өңдеу шаруасы жыл сайынғы жоспарға сай, 1 мың гектардай алқапта іске асырылады. Бұл іс ең алдымен, қала маңындағы жасыл желектер мен ерекше күзеттегі табиғи аймақтар және автомобиль жолдарының бойында жүргізіледі.


Жұмысқа өңіріміздің 12 орман шаруашылығы жұмылдырылған. Мамандардың мамыр айынан басталған ісіне маусымнан бері “Жасыл ел” жасағы көмекке келіпті. 2 ай ішінде штаб сарбаздарының тыңдырғандары мол. Қазір олар үшін ағаш бұталарын кесіп, орман сыртына шығару қиын емес. Тіпті, жігіттермен иық тірестіріп қолдарына ара ұстаған нәзікжандылар да шаруаға білек сыбана кірісіп кеткен.

Риза Хамитова – «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбазы:


– Таза ауада жұмыс істегеніміз өзіміз үшін де пайдалы. Жұмысымыз қиын емес.

Жастардың ісін орманшы-қорықшы Тимофей Боярский бақылауда. Бұл салада азамат 28 жыл аралығында еңбек етіп келеді. Сондықтан, Қызылжар ауданындағы алқаптармен жақсы таныс. Күн сайын ол 900 га жерде от жағылып, ағаштардың кесілмеуін назарда ұстайды. Себебі, теріскейліктердің бірі сыпырғы әзірлеймін десе, енді бірі демалыс барысында жаққан алауын сөндірмей кетуі мүмкін. Мұндай бұзақылармен Тимофей Боярский түсіндіру жұмыстарын өткізеді екен.

Тимофей Боярский – “Қызылжар орман шаруашылығы” КММ Куйбышев орманшылығының орманшы-қорықшысы:


– Жастарды осындай шаруаға жұмылдыру арқылы адамдардың орман алқаптарына келтірер зиянын да ұғындырамыз. “Жасыл ел” жасағының сарбаздарына жұмыс күні басталарда барлық міндеттерін түсіндіріп, қауіпсіздік ережесін еске саламын. Бұтақтарды кесемін деп, ағашқа зиян келтіріп алмағандары өте маңызды. Жастар істеріне жауапты, барлығын ұқыпты жасайды.

Биыл ормандарды күл-қоқыстан тазартуға мемлекеттік орман күзетінен 130 және “Жасыл ел”-дің облыстық штабының 300-ден астам сарбазы қатысуда. Еңбеккерлер өңіріміздің орман алқаптарынан 10 мың текше метрдей қоқыс пен бұтақ шығарады екен. Соңғыларының ірілері отын ретінде пайдалану үшін зейнеткерлерге үлестірілсе, ұсақтары арнайы полигонда жағылады.

Эльмира Садвокасова