Спорт

Петропавлда керлингтен облыстық ашық чемпионат өтті

Қарабай Қабыкенов – жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Былтыр бірінші рет өнер көрсеттік. Өнерімізді жылдан-жылға шыңдап жатырмыз.  Барлық команда жақсы ойын көрсетті.

Ал 21 жастағы Дмитрий Гарагуль – осы спортқа мықтап ден қойғандардың бірі. Спорт шеберіне үміткер қазіргі таңда әлемдік деңгейде өнер көрсететіп жүр. Ал бүгін ол “Север” құрамасының намысын қорғауда.

Дмитрий Гарагуль – керлингтен “Север” командасының ойыншысы, Петропавл қаласы:

– Кёрлингпен 2015 жылдан бастап айналысып келемін. Алдымен осы спорт түрінен өткен Қазақстан Чемпионатына қатыстым. Кейін Азияда және Универсиадаға шақырту алдым. Азияда ойындарында командамызбен 6-ші орынға ие болдық.

Ойын ережесі бойынша екі құрама кезектесіп, тасты мұз үстінде белгілі бір жылдамдықпен 8 мәрте сырғанатады. Барлық кезеңнен соң, қос команданың ұпайлары есептеліп, жеңімпаз анықталады.

Денис Зернов – кёрлингтен облыстық федерациясының президенті:

– Бұл сайыс облысымызда 3-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бұл жолғы ойында 10 команда бақтарын сынады. Олар – 3 қалалық, 6 аудандық және Шығыс Қазақстан өңірінен келген бір құрама. Осыған дейін керлингке арналған 1 мұз жолағы болса, биыл 2-шісі құйылды. Жалпы қазіргі таңда облыс бойынша 100 шақты жерлесіміз кёрлингпен айналысады. Олардың барлығы осы жерде жаттығады.

Шапшаңдық пен ептілік қана емес, ойдың ұшқырлығы мен командалық ойынды талап ететін жарыстан әр бір команда жеңісті күтуде. Сонымен екі күндік ойын нәтижесі бойынша бірінші орынды “Север” командасы иеленсе, 2-ші орынды 1 есеп айырымымен М.Жұмабаев ауданының ойыншылары еншіледі. Ал Ғ.Мүсіреповтік құрама 3-ші орынға тұрақтады.

Молдир Макишева