Білім

Петропавлдағы «Нұр бала» балабақшасы жақын күндері есігін айқара ашпақ

Мағжан Ахмадина – тілші

– Жәлел Қизатов көшесі бойындағы көпқабатты үйлер мен жасыл желектің ортасында, міне, мынадай шағын ғимарат жайғасқан. Құрылысы әлі аяқтала қоймаса да, ол өзінің ерекше әдемілігімен көз тартады. Сары, қызыл, көк түстерге боялған бұл нысан -«Нұр бала» балабақшасы. Алдағы уақытта ол бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашпақ.

Небәрі жарты жылдың ішінде бой көтерген нысан жыл соңында тапсырылуы тиіс екен. Алайда, мердігер компания «Титан-север» серіктестігі шаруаны мерзімінен бұрын орындап, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесін осы айдың соңында қолданысқа бермек.

Александр Недогарко – «Титан-север» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

– Балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтеріп жатыр. Оның құрылысына 320 млн теңгеден астам жеке қаржымыз жұмсалды. Балабақшаны тұрғызу үшін 50-ден астам адам тынбай еңбек етті. Нысаның орналасқан жері жақсы.

Балабақша 90 орынға шақталған. Сондықтан, жатын, ойын бөлмелері мен асханаға тиісті жиһаздар орнатылуда.

Евгений Шиховцев – «Пром Строй Мебель» ЖШС қызметкері:

– Жиһаздарды өзіміз дайындаймыз. Мұнда арнайы үстел, орындық, кереуеттер мен шкафтарды жасадық. Тағы балалардың киімдерін қоятын шкафқа кептіргіш қондырғы орнаттық. Ол балғындардың киімдерін кептіріп, жылытып отырады.

Құрылыс кезінде жергілікті өнімдер мен материалдар қолданылыпты. Нысанда барлығы сапалы әрі талғаммен орындалған.

Геннадий Голодников – «Титан-север» ЖШС прорабы:

– Ғимараттың ішкі әрлеуін аяқтадық. Енді жуып-шайып, кір жуатын бөлме мен асханаға қондырғыларды орнатуға кірісеміз.

Аздаған уақыттан кейін балабақша бүлдіршіндердің сыңғыр күлкісіне толады. Әзірге, ғимарат іші тым-тырыс. Ал, сыртында керісінше, жұмыс қызған.

Қазір мұнда аббаттандыру шаралары жүргізілуде. Жолға кеспе тас төселіп, нысанның қоршауы сырланып жатыр.

Мағжан Ахмадина