Салық басқармасы

“Түбіртекті талап ет те, жүлде ұтып ал!” акциясы жалғасуда

Саудаңызды растайтын чекті арнайы “Wipon” қосымшасына тіркеу қажет. Түбіртектер саны маңызды емес. Алайда, жеңісті жақындатқыңыз келсе, оның бірнешеуін жіберген жөн. Мәселен, шілде айында өткен шараның жеңімпазы Наталья Магофурова 196 чекті тіркеген. Ал, 3-орын иегері Асқар Саутов 170-ін бір-ақ жіберіпті. Сайысқа ол мамыр айынан, яғни ойын басталғаннан қатысуда. Жолы енді ғана болыпты.

Асқар Саутов – қала тұрғыны:

– Акцияға қатысқан себебім, өткен жылы бас жүлденің иегері солтүстікқазақстандық азамат атанды. Бұны естігеннен кейін, өз бағымды сынап көруді шештім. Күн сайын түбіртектерді жинап, қосымшаға тіркеп отырдым. Бастысы фотоға сапалы түсіру қажет. Сондай-ақ, чектің мерзімін де ескерген жөн. Ай сайын сол аралыққа тиесілі түбіртекті ғана жіберуге болады.

Әр ай сайын облыс көлемінде акция жеңімпаздары анықталады.

Лина Ермолаева – СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Әрбір қазақстандық тауарды сатып алған кезде чекті сұрауы қажет. Акцияның мақсаты – салық төлеуден жалтарған жеке кәсіпкерлерді анықтап, бюджеттік түсімді арттыру. Әрі қазақстандықтарға түбіртек арқылы өз құқықтарын қорғай алатынын еске салу. Биылғы жылы мамыр айынан бүгінгі күнге дейін “Wipon” қосымшасына біздің өңірден 11 704 түбіртек тіркелді.

Өңірімізде акция қарашаның соңына дейін жалғаспақ. Ал, желтоқсанда республикалық кезеңнің қорытындысы шығарылмақ. Қатысушылар арасында бас жүлде – темір тұлпар ойнатылатын болады.

Эльмира Садвокасова