МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданы тұрғындарының ауылішілік және аудандық маңыздағы жолдардың жағдайына көңілдері толмайды

Солардың бірі – Леденево селосы. Мұндағы тұрғындарға тіршілік көзін үш бірдей серіктестіктің жұмысшылары “Есіл су” кәсіпорны орнатқан мұнарадан техникамен тасиды екен. Олар әр үйдің алдына тоқтап, көшедегі ыдыстарды суға толтырып кетеді. Біз 11 ұлттың өкілі қоныстанған селоны аралай жүріп, біраз жерлесімізге судың сапасына қатысты сауал қойдық, бірақ шағымданған адамды кездестірмедік.

Лана Макридина – Леденево селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

–  Суды бізге аптасына екі рет жеткізіп тұрады. Әркім ыдыстарын сыртқа шығарып керегінше толтырып алады. Төрт шелек ауыз су 20 теңге тұрады. Сондай-ақ, кір жууға, малды суаруға арналған суды бөлек сатып аламыз.

Бұл мәселені село тұрғындары Леденев ауылдық округі әкімінің есептік жиынында көтерді. Бұған Серғали Сәрсенбаев Леденево селосы су тарату жүйесіне бекітілген жоспар бойынша екі жылдан кейін қосылуы мүмкін деді.
Жергілікті жерде бүгінге дейін шешімін таппаған тағы бір мәселе бар. Осы күні округтің 700-ден астам халқын көбінесе ауылішілік және аудандық маңыздағы жолдардың жағдайы алаңдатады.

Серғали Сәрсенбаев – Леденево ауылдық округының әкімі, Мамлют ауданы:

– Биыл “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Леденево селосындағы 1-ші Мамыр және Жастар көшелеріндегі шұңқырларды жамауға 640 мың теңге бөлінеді.

Биыл Мамлют ауданы арқылы өтетін облыстық маңыздағы күре жолдың кей учаскелері жөнделмек.

Ерболат Бекшенов – Мамлют ауданының әкімі:

– Мамлют ауданында ұзындығы 398 шақырым автомобиль жолы бар. Соның 93-і – республикалық, 105 км-і – облыстық маңызға ие күре жолдар. Былтыр аудан аумағы арқылы өтетін облыстық маңыздағы жол уаскелерін жөндеуге 186 млн теңге бөлініп, игерілді. Енді биыл Становое-Новомихайловка- Раздольное автожолының төрт шақырымы жөнделмекші. Осы жол учаскелеріне облыстық қазынадан 122 млн тг бөлінеді.

Алдағы төрт ай зулап өте шығады. Сондықтан, көктемгі егін егу жұмыстарына осы бастан әзірленген жөн. Бүгінде Мамлют ауданында маңызды науқанға ерте қамданып, алдын ала жоспарлар құрылып қойған.

Ерболат Бекшенов – Мамлют ауданының әкімі:

– Былтырғы егін жинау науқанында аудан агроқұрылымдары 18,4 тонна тұқым қорын дайындады. Бұдан басқа ауданға 82 тонна элита тұқымын сатып алу жоспарда бар. Осы жылы минералды тыңайтқыштарды мейлінше көбірек қолданатын боламыз. Қазір ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша лизинг негізінде техникалық парктерін жаңалауда.

Леденев ауылдық округінде екі серіктестік пен 12 шаруа қожалығы бар. Кәсіпкерлер шама-шарқынша ауылдастарына көмек беруге тырысуда. Бірақ, бәрін жыл он екі ай жұмыспен қамту мүмкін болмай тұр. Соңғы жылдарды округте жұмыссыздық көрсеткіші еш өзгеріссіз қалып отыр. Бұл ретте Ерболат Бекшенов жаңа нарықтық принциптерге сай қолынан жөнді іс келетін адамдарға жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге кеңес беріп, көпшілікті мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуға шақырды.
Бүгінде зейнетке шығуына аз уақыт қалған азаматтар жастардан қалысар емес. Мектептегі вахтер Гүлнәр Раджапова амандық болса 2 жылдан соң зейнеткер атанады. Ерік-жігері мықты нәзік жанды келешекте жеке кәсібімді ашып, ауылдастарыма бір пайдамды тигізсем дейді.

Гүлнәр Раджапова – Леденево селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Амандық болса, зейнетке шыққанан кейін үш жылға пайызссыз несие алып, мал шаруашылығымен айналысамын. Не болмаса, басқа кәсіп түрімен айналысу ойымда бар.

Есептік кездесуде әкімдер бес азаматтың ұсыныс-тілегін тыңдады.

–  Аудан әкімі кезектеріңді күтіңдер, екі жылдан соң Леденево селосын су тарату жүйесіне қосамыз деп уәде берді. Жиында қаңғыбас иттерді ұстауға қатысты мәселені көтердім. Қаңғыбас иттерді ұстауға аудан қазынасынан жыл сайын бір млн теңге бөлінеді екен.

– Мектептегі кейбір кабинеттер салқын. Бұл жағын да қаперге алу керек. Әкім село ішіндегі жолдардың жекелеген учаскелерін жөндейміз деді. Берген уәде орындалар деген үміттемін. Сондай-ақ, көшелерге жарық шамдарын орнатса деймін.

Осы күні Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов тұрғындармен жеке қабылдауын өткізді.

Берік Қасен