Денсаулық сақтау

Биылдан бастап ҚР-нда антибиотиктер тек дәрігерлердің тағайындауымен ғана сатылмақ

Мәселен, мұндай дәрінің түрін тек бактериялдық ауру кезінде ғана қолдануға болады. Ал вирустық дертке шалдыққанда оны мүлдем пайдаланбайды екен. Сондықтан, ақ халаттылар емнің шипалы болуы үшін дәрігердің көмегіне жүгіну керек дейді.

Елена Қазиева – облыстық аурухананың дәрігер-ординаторы:

– Дәрі-дәрмектің кез келген ауруға шипасы тиюі үшін ең бастысы әрі маңыздысы, оны дәрігердің нұсқауы бойынша пайдалану қажет. Сонымен қатар, антибиотиктер адам денсаулығының жағдайын анықтап алған соң ғана берілуі тиіс. Емделушілердің көбі өз беттерімен дәріханаға барып, ем іздейді. Бұл дұрыс емес, әрине. Ауырған жағдайда міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгінген жөн.

Айту керек, бұл шешім қабылданбас бұрын мамандар еліміздің әр аймағында бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізген. Мәселен, біздің өңірде дәрігерлер адамдарға қандай емдеу әдісін қолданатынын және тұрғындар қандайантибиотикті жиі пайдаланатынын білу мақсатында ауруханалар мен емханаларда арнайы сауалнама ұйымдастырыпты.

Наиля Почивалова – ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» СҚО бойынша филиалының басшысы:


–  Жалпы зерттеу нәтижесі көңілімізден шықты. Бұрындары дәрігерлердің көбі емделушілерге бір уақытта бірнеше антибиотикті қабылдауды ұсынса, бүгінде олай емес. Қазір ақ халаттылар екі антибиотикті бір мезетте пайдалану шипасын бермейтінін жақсы біледі. Сондай-ақ, өңір тұрғындарының біразі өзін-өзі емдеумен айналысатындықтары анықталды. Бұл – үлкен қателіктердің бірі. Олар бактериалды ауруды ғана антибиотикпен емдеу керектігін білмейді ғой.

Солтүстікқазақстандықтар Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ақ халаттылардың рұқсатынсыз сатып алуға болатын дәрілік заттардың санын қысқартқанын құптап отыр.

–  Кез келген дәрі тек маманның нұсқауымен алыну керек. Өйткені, өзін-өзі антибиотиктермен емдеу көп жағдайда кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан, мен тек дәрігердің көмегіне ғана жүгінемін.

– Менің ойымша, дәрілерді маманның нұсқауымен беру өте дұрыс шешім. Мен қолдаймын. Өйткені, біз өз денсаулығымызға салғырт қарамауымыз керек.

Бүгінде жергілікті дәріханалар да тәртіпке сай жұмысқа кірісіп кеткен.

Айту керек, егер де дәріханашылар емделушілерге дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктерді сатса, онда нысан иесіне 70-тен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Мәселен, 100 теңгенің маңайында тұратын гентамицинді тиісті рұқсатсыз саудаласа 2 млн теңге көлемінде айыппұл жүктеледі. Ал мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары арнайы тексерістер ұйымдастырып, тұрғындардың шағымдарымен жұмыс жасайды.

 

Айгерим Ержанова