МТРА жаңалықтары

Петропавл тұрғындарының 6 млн теңгеден астам коммуналдық қарызы бар

Сергей Худяков – СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Біздің қауымдастыққа ПИК төрағалары тұрғындар төлейтін тиісті соманы бермей жатыр деген шағыммен келеді. Осы орайда пәтер иелеріне айтқым келетіні әркім өзінің тұратын аумағын, үйін таза әрі ұқыпты ұстауы керек. Сол себепті, кооператив мүшелеріне қарыз болмай, белгіленген мөлшердегі ақшаны уақытылы тапсырып отырса деймін. Өйткені, сот алдына келген істің 99 пайызы кооператив мүшелерінің пайдасына шешіледі.

Бүгінде қала тұрғындарының пәтер иелері кооперативіне ең аз қарыз сомасы 396 теңге болса, ең көбі 120 мың теңгеден асып жығылады.

Гүлнар Күзембаева – СҚО әділет департаментінің сот орындаушысы:

– Жыл басынан облыстық әділет департаментіне тұрғындардан коммуналдық қарызды өндіріп алу бойынша 270 іс келіп түсті. Жалпы сомасы 6 млн 91 мың 399 теңгені құрайды. Бүгінде оның 81-і орындалып, 1 млн 722 мың 800 теңгесі қайтарылды. ҚР атқару өндірісі туралы заңының 32,33,34-ші баптарына сәйкес сот орындаушылар борышкерлердің мүлкін тәркілеп, меншік иесінің жүргізуші куәлігін қарызын толығымен қайтарғанша қолдарына ұстатпайды.

Рейд соңында Петропавл қаласының 14 тұрғынына сот орындаушыларынан жазбаша хабарлама беріліп, меншік иелерімен тиісті әңгімелер жүргізілді.

Айгерим Ержанова