Жол картасы

Есіл ауданының тұрғындары Астана күнін ерекше атап өтті

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі.

-Біздің елімізде кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Соның арқасында республика бойынша, оның ішінде біздің ауданда да жаңа нысандар ашылуда. Солардың бірі “Ақ қайың” тойханасы. Үлкен мереке залына 160 адам сияды. Онымен қоса тағы шағын залы бар. Бұл аудан тұрғындары үшін зор қуныш, үлкен мәртебе.

Кәсібін өрге домалату үшін Айгерім Адай “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына жүгініп, қазір шарапатын көруде. “Ақ қайың” кафесін тойханаға айналдыру үшін кәсіпкер 10 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаған. Жалпы бұл – аудан орталығындағы осымен 4-ші тойхана.

Айгерім Адай – “Ақ қайың” тойханасының жетекшісі.

-Біз 2003 жылдан бастап жұмыс істейміз. Бизнесте бір орында тұру мүмкін емес. Сол себепті кафені кеңейтіп, тойхана аштым. Құрылысқа 4 айға жуық уақыт кетті. Негізі мұнда 200 адам сияды. Бизнесімізді үлкейткеннен кейін, сәйкесінше жаңа жұмыс орындары да пайда болды. Бүгінгі күні менің қарамағымда 13 адам еңбек етеді. Маңдай теріміз ақталып, той тойлаушылар көп болады деген үміттемін.

Осыдан соң аудан әкімі бастаған делегация ветеринарлық зертхананың салтанатты ашылуына аттанды. 2007 жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама бойынша республикамызда дәл осындай 100 зерттеу орталығы салына бастады. Оның 9-ы біздің облысымызда ашылып, тың техникамен жабдықталған. Мына нысанды тұрғызып, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етуге ел бюджетінен 124 млн. теңге бөлінген.

Светлана Скатова – Есіл аудандық ветеринариялық зертханасының меңгерушісі.

-Бұл бір үлгідегі ветеринариялық зертхана Елбасымыздың бастамасымен салынды. Нысанның құрылысы өткен жылдың соңында аяқталды. Мұнда аса қауіпті мал ауруларының сынамаларына диагностика жүргізіледі. Сонымен қатар, тағам қауіпсіздігіне байланысты, өсімдік-жануар текті өнімдерге ветерлық-санитарлық зерттеулер жасалады. Күніне бұл орталыққа 500-ге жуық сынама жеткізілсе, нәтижесін 5 күн ішінде алуға болады.

Сонымен қатар, бұл күнде аудандық “Ақ бидай” жазғы спартакиадасы бастау алды. Қыз-жігіттер футбол, волейбол, тоғыз құмалақ, жүгіру және жеңіл атлетикадан сынға түсті. Ал мына жақта Есіл ауданының шеберлері бас қаламыз Астананың ең әдемі ғимараттарының макеттерін жасаудан бақ сынасты. Аяған Шәжімбаев атындағы Явленка орта мектебінің ұжымы Бәйтерек пен Ақорданы тұрғызыпты.

Ертай Оспанов – Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің директоры.

-Бәйтерек – ол Астананың символы болып табылады. Сол арқылы біз Астананың әсемдігін, көркемдігін, архитектураның кереметтілігін жеткізгіміз келді.

Бас қаламыздың туған күніне орай, өңіріміз бен ауданның дамуына зор үлестерін қосып келетін бірқатар есілдіктер Елбасының грамоталарымен, облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Осылайша, Есіл ауданының тұрғындары бұл күнді ерекше ықыласпен тойлады. Жерлестеріміз еліміздің бас қаласының күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқанын зор қуанышпен айтады.

-Астана күннен-күнге көркейіп келе жатыр. Онда бір-біріне ұқсамайтын ерекше ғимараттар салынуда. Астананың табиғаты да ерекше. Басқа қалаларға ұқсамайды.

-Мен Астанаға баруды армандайтынмын. Арманым орындалды.Ғимараттары тамаша. Пирамида, Думан ойын-сауық орталығына бардым. Өте әдемі, маған ерекше әсер етті. Бұл қалаға тағы барсам деймін.

-Қазір жаңа Астанамызға жиі барып тұрамын. Үнемі заманауи нысандарға қарап таң қалудан жаңылмаймын. Күн сайын дамып, көркейіп келеді десем артық кетпеспін. Бүгінгі мереке құтты болсын!

Жыл сайын атап өтілетін мереке ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биыл да бар сән-салтанатымен өтті. Би де биленді, ән де шырқалды. Ал жиылған қауым қол шапалақтаудан жалықпады.

 

 

Айгерим Ержанова.