Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 28 қазандағы Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» деп аталатын бағдарлама еліміздің барлық өңірін, облыс орталықтарын, аудандар мен ауылдарды қамтиды.
Президенттің айтуынша, бұл – ел тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың өсуіне серпін беру.
Қаржы қайдан бөлінеді?
Бағдарламаны 2029 жылдың соңына дейін жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталады. Үкімет инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын әзірлеп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуын қатаң бақылауға алады.
Алғашқы кезеңде әлеуметтік маңызы бар жобаларға 1,5 триллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында бөлінеді.
Мемлекет басшысы әрбір жұмсалған теңге нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беруі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік шығындардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру.
Ауруханалар, мектептер және таза ауызсу
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласын дамыту. Өңірлерде 70-ке жуық медициналық нысан салу жоспарланған. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтары бар. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бой көтереді.
Бұдан бөлек, алғашқы кезеңде білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады. Жоспарға емханалар, жастардың шығармашылық орталықтары мен театрлар да енгізілген.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға да басымдық беріледі. Жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп, бірқатар ауылға табиғи газ бен сапалы ауызсу жеткізіледі.
Нысандардың тізімі өңірлермен бірлесіп жасалады
Жыл соңына дейін министрліктер мен әкімдіктер әр облысқа қажетті нысандардың тізімін нақтылауы тиіс. Оған жолдар, инженерлік-коммуналдық желілер, мектептер, медициналық және мәдениет мекемелері кіреді.
Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов берген. Жұмысқа Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері тартылған.
Жаңа мектеп немесе балабақша салынатын орынды анықтауға тұрғындар да қатыса алады. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің сметалық нормалар басқармасының басшысы Қайрат Өтемісовтің түсіндіруінше, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бекітілмес бұрын міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Тек содан кейін ғана жобалар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Ал бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайды.
Жергілікті бизнеске де мүмкіндік беріледі
Құрылыс жұмыстарына қажетті техникасы мен тәжірибесі бар отандық шағын және орта бизнес өкілдерін барынша тарту көзделіп отыр. Президент отандық өндірушілердің әлеуетін толық пайдалануды тапсырды.
«Бұл бастама жүздеген мың адамды жұмыспен қамтиды деп терең сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтай депутаты Илья Теренченко бағдарламаның экономиканың өзге салаларына да оң әсер ететінін болжап отыр. Оның пікірінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, үй құрылысы комбинаттары іске қосылады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны да артуы мүмкін.
Вокзалдар, жолдар және әуежайлар
Көлік инфрақұрылымы да бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі болмақ. 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланған. Бұл бағыт Қытайға қарай жүк тасымалдау мүмкіндігін жылына 20 миллион тоннаға арттыруға тиіс.
Сондай-ақ келесі жылы Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастау көзделіп отыр. Жобаға Сингапур әуежайының басшылығы серіктес ретінде тартылмақ. Тараптар тиісті меморандумға қол қойған.
Бұдан бөлек, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі елді мекендеріндегі әуежайлар да жақын уақытта пайдалануға берілуі тиіс.
Өңірлерде дайындық қалай жүріп жатыр?
Түркістан облысы бағдарлама аясындағы өз жоспарын әзірлеп қойған. Өңірде жалпы саны 108 ірі нысанды салу және жаңғырту көзделген.
Жобалардың жалпы құны 406 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Құрылыс жұмыстары бірнеше саланы қамтиды. Олардың қатарында денсаулық сақтау нысандары да бар.
Мемлекет басшысы бұл бастаманың негізгі ұранын «Құрылыс, тағы да құрылыс!» деп атауды ұсынды.
