Қабылдауға алғаш болып «Сырымбет-1» серіктестігінің өкілі Талғат Бейсембаев кірді. Ол үлестік жерлерді қайтару және жерді пайдалану құқығына салынған кепілді алып тастау мәселесін көтерді. Бұл түйткілді мәселе Айыртау ауданының әкімі мен тиісті сала басшыларының қатысуымен жан-жақты қаралды. Мемлекеттік орган өкілдері өтініш иесіне аталған жер дауын сот тәртібімен шешуге кеңес берді. Сондай-ақ, қабылдауға Ақжар ауданының тұрғыны Қайрат Қали да келді. Ол облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке үш түрлі мәселе бойынша жүгінді. Соның бірі – «Бостандық – Ақжарқын» бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың жағдайы.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– “Ғауез Торсанұлы, мұндағы басты мәселе — мердігерді анықтау рәсімдеріне байланысты туындап отыр. Бастапқыда нысанда «Көкшетау жолдары» компаниясы жұмыс істеген болатын. Кейіннен сот шешімімен «ДОРСТРОЙ» компаниясы жеңімпаз деп танылып, мердігер ретінде бекітілді. Қазіргі таңда келесі жылға 500 млн теңге көлемінде қаражат қарастырып отырмыз. Ал биыл қаржының болмауына байланысты олар құрылыс жұмыстарын жүргізе алмайды. «ДОРСТРОЙ» компаниясын жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізу немесе келісімшартты бұзу үшін де белгілі бір қаражат қажет”.
Өңір басшысы бұл мәселе жайынан хабардар. Ол жауапты тұлғаларға жол жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
“Барлығыңызға осы жол учаскесі бойынша нақты тапсырма беремін, мәселені дереу қолға алу қажет. Тікелей нысан басына барып, «ДОРСТРОЙ» компаниясының өкілдерін шақырыңыздар да бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеңіздер. Маған апта сайын жолдың әр шақырымындағы ахуал туралы есеп беріп отырасыздар”.
Қабылдауға Петропавл қаласының тұрғындары да келді. II топтағы мүгедектігі бар Күлбарам Абдулова облыс орталығынан жалдамалы баспана алу үшін кезекте тұрғанына 17 жылдан асқан. Бұл жолы ол өз мәселесін облыс әкімі мен «Отбасы банк» АҚ филиалының директорына тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.
КҮЛБАРАМ АБДУЛОВА – қала тұрғыны:
– “2009 жылдың 17 қарашасынан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Міне, 18 жылға жуық уақыт өтсе де баспанаға әлі қол жеткізе алмай келемін. Әкімдік табалдырығын тоздырып, күн сайын барып, кезегімді тексеріп отырдым. Ал жауапты мамандар болса, қазір бір бөлмелі пәтерлер салынбай жатқанын алға тартады”.
Қабылдау барысында «Отбасы банк» өкілдері биыл мекемеге 40-қа жуық бір бөлмелі пәтер бөлінгенін түсіндірді. Бұл баспаналар Күлбарам Абдуловадан бұрын, яғни 2009 жылдың қаңтар, наурыз, мамыр және маусым айларында кезекке тіркелген азаматтарға үлестірілген. Ал өтініш иесіне пәтер келесі жылы беріледі деп уәде етілді. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты пысықтап, нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Берілген барлық тапсырманың орындалуы ерекше бақылауда болады.
