Sailau banner

Экономика және қаржы

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды. Бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты. Ауданның тыныс-тіршілігін бағамдады. Сондай-ақ, тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелеріне ерекше назар аударды”.

Бұл – Пресноредуть ауылында орналасқан “Турнова В.П” шаруа қожалығы. Кәсіпорын егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 6 мың гектардан астам алқапқа дән сіңіріп, мол көлемде өнім алған. Мұнда 400 басқа жуық ірі қара бар. Облыс әкімі қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

МАКСИМ ТУРНОВ, “Турнова В.П” ШҚ басшысы, Жамбыл ауданы:
– “Биыл астық кептіру кешенін қайта жаңғырттық. Тазарту қондырғыларын ауыстырдық. Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрады. Жылда су жаңа техника аламыз. Бұл егіс және орақ науқанын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр”.

Кәсіпкер ауыл өміріне белсене араласады. Әрдайым қолдау көрсетеді. Қарамағында жұмыс істейтін мамандарға да ерекше көңіл бөледі. Жуырда 2 қызметкеріне арнап қос су жаңа үй тұрғызған. Маңызды іске 30 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Ғауез Торсанұлы баспаналарды көріп, қоныс иелерін құттықтады.

Былтыр елді мекендегі мәдени-сауықтыру орталығы күрделі жөндеу көрген. Маңызды іс “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясына жүзеге асты. Құрылыс жұмыстары мен нысанды жабдықтауға 282 млн теңге қаржы бөлінген. Жуырда мекемеде IT-орталық ашылды. Мұнда талабы таудай, білімге құштар оқушылар заман игіліктерін тиімді пайдаланып, қоғамға қажетті цифрлық жобаларды жүзеге асырады. Оларға білікті мамандар тәлім береді.

Биыл ауылдағы әкімдік ғимараты, учаскелік полиция пункті және медициналық нысан күрделі жөндеу көрді. Мекемелерде мамандарға бар жағдай жасалған. Басты мақсат – тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.

2025 жылы “Агротехника Жамбыл” серіктестігінің базасында су жаңа тауарлы-сүт фермасы бой көтерді. Кәсіпорын Пресновка ауылының маңында орналасқан. Жобаны жүзеге асыру үшін 2 жарым млрд теңге қаржы жұмсалды. Бір жылдың ішінде мұнда 400 бастан астам голштин-фриз тұқымды ірі қара әкелінген. Барлығы Даниядан жеткізілді.

ОЛЕГ ГРИГОРЬЕВ, “Агротехника Жамбыл” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
–  “Тауарлы-сүт фермасы 800 басқа шақталған. Кәсіпорында 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Күніне 7 тонна сүт өндіреміз. Фермадағы жұмыс толық автоматтандырылған. Алдағы уақытта өнімді шетелге экспорттауды жоспарлап отырмыз”.

Биыл Благовещенка ауылына ветеринарлық пункт сатып алынды. Оған облыстық бюджеттен 30 млн теңге қаржы бағытталған. Жаңа нысан мал дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттырып отыр. Айта кету керек, соңғы жылдары салаға ерекше көңіл бөлінуде.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:
–  “Биыл облыстағы ауылдарға 57 ветеринарлық пункт сатып алынды. Өңір бойынша 7 млн малды вакциналадық. Ағымдағы жылы 70 бастан бруцеллез анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз жемісін беруде”.

Биыл Жамбыл ауданында 20 шақырымға жуық жол жөндеу көрді. Маңызды іске 700 млн теңге қаржы жұмсалған. Ең бастысы, тұрғындар ұзақ күткен “Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл” бағыты бойынша жұмыстар басталды.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
–  Ағымдағы жылы Украинское мен Қайранкөл ауылдары арасындағы 20 шақырым жолды жөндеуді бастадық. Жоба құны – 1 млрд 700 млн теңге. 2028 жылға дейін “Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл” бағыты бойынша жұмыстарды толықтай аяқтаймыз. Маңызды істің сапасына ерекше мән береміз.

Благовещенка ауылындағы “Екпін 2002” серіктестігінде мал сою цехінің құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорында жылына мың тоннаға дейін ет өндіру жоспарланып отыр. Дәлірек айтсақ, кәсіпкер жергілікті серіктестіктерден қой сатып алып, семіртеді. Кейін өнімді Түркия мен БАӘ-ға эскпортқа шығарады.

Ауданда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Жуырда Благовещенка ауылында мейрамхана-қонақүй кешені бой көтерді. Мұнда 10 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі жазушы Иван Шуховтың өткен ғасырдың 40-шы-50-ші жылдары тұрған үйіне барды. Баспана аудан орталығында орналасқан. Мұнда біртуар тұлғаның өмір жолынан сыр шыртетін жәдігерлер сақталған. Ғауез Торсанұлы аудандағы атқарылған ауқымды жұмыспен танысқаннан кейін тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелерін тыңдады.

ӘНУАР ӘБДІРЕШОВ, Айтуар ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– “Биыл ауылға 4 отбасы көшіп келді. Мектеп 12 баламен толықты. Бірақ, олар жол мәселесіне байланысты қайта көшіп кетті. Осы өзекті түйткіл жақын арада шешіле ме? Айтуар мен Благовещенка ауылдары арасына асфальт төселе ме?

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
–  “Қазіргі таңда аталған учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Жақында облыстағы жауапты мамандарға мақұлдауға жібереміз”.

Жиын барысында 20-ға жуық адам облыс әкіміне өз сұрағын қойды. Мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады.

Нурасыл Ахмет