Есіл ауданының орталығында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні атап өтілді. Топырағы құнарлы алқаптарда астық өсіріп, заманауи фермаларда сүт пен ет өндірген есілдіктердің еңбек зор. Салтанатты шара алдында елдің дамуына білек сыбана үлес қосқан азаматтармен танысу мүмкіндігі туды. Арнайы көрмеде маңдайалды мамандардың фотосуреттері ұсынылды.
Тәуелсіз елдің, бейбіт күннің батырлары – залға жиналған қауым. Олар қамбаға құйған бір уыс астық, бір жұтым сүт пен бір тілім ет – зор қажыр-қайраттың жемісі. Осыны құттықтау сөзінде аудан әкімі Мереке Мұхамедияров атап өтті.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– “Қадірлі жерлестер! Халқымыз адал еңбекті қашан да жоғары бағалаған. Әрбір жетістіктің артында тұрған еңбек адамын құрметтеу – біздің басты парызымыз”.
Трактордың тілін тапқан механизатор, астықтың артында тұрған агроном, малдың дертіне дауа іздеген дәрігер. Әрқайсысы ауыр жүк арқалап жүр. Биыл ауданда 54,2 млрд теңгенің өнімін өндірген жандардың барлығы сый-құрметке лайық. Салтанатты жиын барысында Мереке Мұхамедияров бірсыпыра есілдікке түрлі дәрежедегі марапат табыстады.
БІРЖАН ҒАЙСИН, “Ғайса” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– “1992 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысамын. Бүгін “Үлгілі фермер” атағын алып отырмын. Жастарды жұмыс істеуге шақырамын. Біздің салада әрдайым керек. Халық ауқаттану керек”.
Марапат мұнымен аяқталмады. Ауданның белді кәсіпкері, “Ильинское” серіктестігінің директоры Александр Бурлёв қос қызметкеріне темір тұлпарлардың кілтін табыс етті.
Бұл – сенімді ақтаған, еңбегімен көзге түскен мамандарға деген құрмет. Жұмыс беруші алғысын осылай білдіруді жөн көріпті. Көліктің бірін 42 жыл тер төгіп келе жатқан Қайырбек Ишанов иеленді.
ҚАЙЫРБЕК ИШАНОВ, “Ильинское” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– “Ильинка ауылының тұрғынымын. Президентке, облыс, аудан әкіміне, серіктестік басшысына алғыс айтамын. Жаңа көлік беріп жатыр”.
Салтанатты шара концертпен жалғасын тапты. Есілдік мамандарды эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллин мен солтүстікқазақстандық әнші-бишілер құттықтады.
Жансая Дербисова
