Sailau banner

Қоғам

Чек ал да көлік ұтып ал!

Биыл шілде айында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен елімізде “Business Go” цифрлық платформасы іске қосылды. Ол – қазақстандық кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін жасалған қосымша. Яғни, сауда есебін жүргізу, төлемдерді бақылау, чек беру және тұтынушылармен байланыс орнату қызметтері енді бір жүйеге біріктірілген. Қосымшаның ішінде – Amian сервисі де бар. Аталған қызмет арқылы кәсіпкерлер жеңілдіктер мен түрлі акциялар ұйымдастыра алады. Ал тұрғындар сатып алған тауары үшін берілген чектің QR-кодын сканерлеп, ұтыс ойындарына қатысады. Осы ретте солтүстікқазақстандықтардың құлағына алтын сырға, қазір өңірде республикалық акция өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды фискалдық чек алуға ынталандырып, көлеңкелі экономиканың азаюына үлес қосу.

ШАКРО КАТАМАДЗЕ, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің бас маманы:
– “Қала тұрғындары республикалық акцияға қатысу үшін алдымен Amian мобильді қосымшасына тіркелуі қажет. Одан кейін акцияға қосылған кәсіпкерден сауда жасап, берілген фискалдық чектің QR-кодын сканерлеу керек. Акция алты кезең бойынша биылғы жылдың қарашасынан 2027 жылдың сәуіріне дейін өтеді. Жалпы, қатысушылар арасында алты автокөлік, смартфондар, планшеттер мен ноутбуктер ойнатылады. Сондықтан тұрғындарды акцияға белсенді қатысып, әрбір сауда жасаған кезде фискалдық чек талап етуге шақырамыз”.

Улан Ыдырыс