Елордада еліміздің барлық өңірінен келген 840-тан астам конкурсант пен мыңға жуық сарапшының басын қосқан «WorldSkills Kazakhstan 2026» чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жариялануына орай жастардың кәсіби дағдыларын дамыту ерекше маңызға ие.
Сайыстар алты бағытты қамтитын 44 құзыреттілік бойынша өтеді. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, көлік және логистика, әлеуметтік және жеке қызметтер, креативті индустриялар мен дизайн, құрылыс технологиялары бар.
Биылғы чемпионаттың ерекшеліктерінің бірі – жекелеген конкурстық тапсырмаларда жасанды интеллект құралдарының қолданылуы. Бұл қатысушыларға кәсіби міндеттерді орындауда заманауи цифрлық технологияларды пайдалану дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді.
Сайыстар 28 қарашаға дейін EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 30 қарашада өтеді.
Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/4045739
