Sailau banner

Білім

“Тірек мектептер”: ауыл мектептеріне қолдау күшейді

Ауыл мектептеріндегі білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау. “Ауыл мектебі – сапа алаңы” жобасы осы бағытта жүзеге асырылып келеді. Бастама аясында тірек мектептердің мамандары шағын жинақты білім ошақтарына оқу-әдістемелік көмек көрсетіп, педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Өңірде 435 мектептің 372-сі ауылдық жерде орналасқан. Оның 322-сі шағын жинақты болып саналады.

ЕРНАР СЕЙТАХМЕТ, білім беру саласын тұрақты дамыту қорының PR-менеджері:

– “2019 жылдан бастап Қазақстанда ауылдық тірек мектептерді дамыту жобасы бастау алған. Тірек мектебі – ең алдымен, шағын жинақты мектептерге қолдау көрсететін әдістемелік және ресурстық білім орталығы. Педагогтер өзара тәжірибе алмасып, көршілес мектептердің оқушыларына да сабақ береді. Мұнда заманауи кабинеттер жабдықталып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған. Айта кетсек, тірек мектептердің материалдық-техникалық негізін жаңартуға да басымдық берілген. Әр мектеп “Қазақстан халқына” қоры мен “AITAS” холдингінің қолдауымен 250 млн теңгеге жабдықталған”.

Бұл бағыттағы жұмыстар №2 Бескөл орта мектебінде де жүргізіліп келеді. Білім ұясы 3 шағын жинақты мектеппен байланыс орнатқан. Олар – Большая Малышка, Новокаменка және Пеньково орта мектептері. Оқушылар “Microsoft Teams” платформасы арқылы онлайн сабақтарға қатысады. Пән мұғалімдері бірлесіп сабақ жоспарын әзірлеп, оқу материалдарымен алмасады.

МЕРЕЙ ТҰҒЫМБАЕВА, №2 Бескөл орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:

–  “Біз “Ауыл мектебі – сапа алаңы” жобасы аясында 3-ші жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Магниттік мектептердің мұғалімдерімен бірлесіп сабақ жоспарын құрамыз. Аптасына 2 рет онлайн сабақ өткіземіз. Сабақтың 20 минутын мен жүргізсем, қалған 25 минутын магниттік мектептің мұғалімі жалғастырады. Жоба басталғалы балалардың пәнге деген қызығушылығы артып, білім деңгейі де көтерілді”.

Шағын жинақты мектептерді дамыту мәселесін талқылау облыстық семинарда жалғасын тапты. Жиын барысында онлайн сабақтар ұйымдастырылып, цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері көрсетілді. Оқушылар агросынып аясында әзірлеген жұмыстарын да ұсынды.

 

Семинар барысында қатысушылар ауыл мектептеріндегі жұмыстың нәтижелерін талқылап, тиімді тәжірибелерді өзге білім ошақтарына енгізу жолдарын қарастырды. Ал 2027 жылы жоба аясындағы жұмыстарды кеңейтіп, өңірдегі 13 тірек мектептің шағын жинақты мектептерге әдістемелік қолдауын күшейту көзделіп отыр.

 

Аружан Султанова