Солтүстік Қазақстан облысының сауда саласында бұзушылықтар әлі тіркелуде. Арнайы заңға сүйенсек, тауардың үстемеақысы 15 пайыздан аспауы тиіс. Мысалы, дүкен қандай да бір өнімді 200 теңгеге сатып алса, 30 теңге ғана қосып, тұтынушыға саудалауы тиіс. Дегенмен, кәсіпкерлердің барлығы бірдей талапты орындамайды. Қалтаны қампайтқысы келеді. Бұл туралы жауапты департамент өкілі айтты.
ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– “2026 жылдың 10 айында Солтүстік Қазақстан облысында сауда саласындағы бұзушылықтар үшін 135 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 126-сы шекті сауда үстемақысын асырған”.
Ал қалған кәсіпкерлер нендей бұзушылыққа барған? Олар баға сәйкессіздігіне жол беріпті. Дүкендегі тауарға құн белгілей отыра төлем жазар кезде тұтынушыдан көбірек ақша талап еткен. Қателікке жол берді ме әлде қасақана түрде қосымша табыс табуды көздеді ме? Бұл жағы белгісіз.
ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– “Сөреде тауар құны 200 теңге деп тұрады, ал кассаға барғанда сол тауар үшін 260 теңге төлеу керек болады. Осындай сәйкессіздік тіркелсе, тұтынушы бізге жүгіне алады”.
Тағы бір жайт – Қазақстан аумағында өзге елдің валютасымен төлем жасау. Елімізде тек теңге қолданылуы тиіс. Егер кәсіпкер шетелдердің ақшасын қабылдаса немесе талап етсе, заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өңірімізде былтыр мұндай 1 факт тіркеліпті.
Байболат Култанов
