Петропавлдағы Достық үйінде этносаралық қақтығыстардың алдын алу және туындаған дауларды бейбіт жолмен шешу тақырыбында практикалық семинар өтті. Кездесуде жанжалды дер кезінде анықтап, мәселені өзара түсіністік пен ашық әңгіме арқылы шешу жолдары талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, полиция өкілдері мен білім саласының мамандары қатысты.
РУСЛАН САМАЕВ, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы:
– “Медиация – этносаралық жанжалдарды шешудің тиімді тәсілдерінің бірі. Мұнда ең бастысы – даудың алдын алу. Бұл бағытта “Қоғамдық келісім” мекемесі ғана емес, этномәдени бірлестіктер де жұмыс істейді. Мемлекет басшысы да этносаралық татулық, ел тұрақтылығының маңызды факторы екенін бірнеше рет атап өткен болатын”.
Семинар барысында күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар талқыланды. Мамандардың айтуынша, әсіресе әлеуметтік желіде пікір білдіргенде сабыр сақтап, өзгенің көзқарасына құрметпен қарау маңызды. Өз пікіріңді қорғауға болады, алайда адамның жеке басына тіл тигізіп, дауды ушықтыруға болмайды. Иманғали Татваев күнделікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, семинарда алған білімнің пайдасы зор екенін айтады.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– “Астанадан келген спикер қоғамда кездесетін күрделі жағдайлар туралы өте қызықты айтып жатыр. Оларды қалай шешуге болатынын және ең бастысы, мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Көптеген пайдалы ақпарат алдық. Бүгін – семинардың 3-ші, соңғы күні. Конституцияда біз біртұтас Қазақстан халқы екеніміз бекітілген. Осы ұстанымды әрдайым сақтауымыз керек”.
Айта кетейік, СҚО-да этносаралық қатынастар саласында медиация кеңесі жұмыс істейді. Орталықта жанжалдың алдын алу және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бұдан бөлек, жыл сайын семинарлар, кездесулер мен дөңгелек үстел жиындары ұйымдастырылады.
Аружан Султанова
