Sailau banner

Қоғам

Қазақстан Халық Кеңесі еңбек адамын қорғауға арналған құжатты қарайды

Жақында Керекуде «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» республикалық кәсіподақтар форумы өтті. Алқалы жиында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Халық Кеңесіне «Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжатын табыстады. Бұл – жұмысшылардың өзін және құқығын қорғауға, лайықты жалақы төлеуге негізделген құжат. Әзірлеу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер назарға алыныпты. Мысалы, айлық табысты тағайындау кезінде иненің ұшындай түйреген инфляция ескерілген екен.

ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– “Бұл ұсыныстар 5 бағатқа топтастырылған. Жұмысшыларға әділ табыс төленуі тиіс. Бұл жерде инфляция ескерілуі міндетті”.

Адам жұмысқа кетіп, оралмайтын жайттар да тіркелуде немесе ауыр жарақат алып, ауруханадан бірақ шығады. Демек еңбек қауіпсіздігіне баса мән берілу керек. Осыны да жан-жақтағы кәсіподақтықтар 25 жалпыұлттық бастамаға қосыпты.

ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– “Еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау деген мәселе де кірді. Жыл сайын өндірісте 200 адамға дейін қаза табады. Адамның өмірі – ең бағалы дүние”.

Заманауи жабдықтар еңбек адамдарының жұмысын жеңілдетті. Тіпті, кейбірінің қызметін атқаратын болды. Осыған байланысты қызмет ұсынушылар мамандарды қысқартуда. Бұл – айлық шайлықтан артылмайтын заманда алаңдатарлық құбылыс.

ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– “Жасанды интеллект деп жатырмыз. Ол көп адамның жұмыссыз қалуына әсер етті. Ал бұлай болмауы тиіс. Сол себепті жұмыс берушілер босатылатын жұмысшыларды қосымша оқыту жайлы бастама таныттық”.

«Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжатын Қазақстан Халық Кеңесі жіті қарайды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының көздегені – жұмысшы мамандықтарды таңдаған азаматтарды барынша қолдау, құрметтеу мақсатында тиісті заңнаманың түзетілуі және толықтырылуы. Алдағы уақытта ауқымды өзгеріс күтіледі.

Байболат Култанов