Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сала ардагерлерін назардан тыс қалдырмай, оларға үнемі қамқорлық танытады. Игі бастама аясында мамандар Зейнолла Жолдасбаевтың үйіне барып, автономды өрт хабарлағышын орнатты. Енді бұл құрылғы өрт шыққан жағдайда дер кезінде белгі беріп, үй иесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
ЗЕЙНОЛЛА ЖОЛДАСБАЕВ – азаматтық қорғаныс органдарының ардагері, Аққайың ауданы:
– “Департамент басшылығының саланың бұрынғы қызметкерлерін ұмытпай, осылай көңіл бөліп жатқандары қуантады. Еңбек жолымды инспектор болып бастадым. Аққайың ауданының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы қызметінен зейнетке шықтым. Өмірімді аталған мамандықпен байланыстырғаныма еш өкінбеймін. Өйткені, бұл – қоғамға аса қажет әрі жауапкершілігі зор қызмет”.
Профилактикалық шара Смирнов ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалғасты. Мұнда 200-ден астам адам тұрады. Мекеме қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Әр тұрғынға қамқорлық танытып, қолдау көрсету – орталық қызметкерлерінің басты міндеті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бастаған топ өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізудің маңызына тоқталды.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ – облыс әкімінің орынбасары:
– “Қарт адамның қауіпсіздігі – тек электр сымдарының жарамдылығы, мұржаның тазалығы немесе өрт хабарлағышының дұрыс жұмыс істеуі ғана емес. Бұл – адамның өзін қауіпсіз сезінуі, оны ұмытпайтын жандардың бар екенін білуі, қиын жағдайда қол ұшын созатын адамдардың жанында болуы. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің жеке бақылауымен бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз”.
Бұдан бөлек, орталықта тұрып жатқан жандарға арнайы техника мен жабдықтар таныстырылды.
МАРИНА САМОЙЛЕНКО – СҚО ТЖД ресми өкілі
– “Орталық тұрғындарына теориялық және практикалық нұсқаулық өткізілді. Оқу-жаттығу эвакуациясы ұйымдастырылып, төтенше жағдай туындаған кезде не істеу керектігі іс жүзінде көрсетілді. Сонымен қатар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен таныстырып, өрт сөндіргішті қалай пайдалану және мұндай жағдайда қалай жедел әрекет ету керектігін түсіндірдік”.
Мамандар қауіпсіздік қарапайым ережелерді сақтап, дер кезінде әрекет етуден басталатынын еске салды.
Данаш Хамза
