Цифрландыру бағытында жарық көрген жаңа жоба! Өңірде ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия алуға берілген өтінімдерді тексеруге арналған қосымша әзірленді. Бірегей еңбектің авторлары – білікті өнертапқыштар емес, жергілікті студенттер. Жастар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерімен бірлесе отырып, тың туынды әзірлеген.
ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:
– “Біз “Dala Info” цифрлық жүйесін әзірлеуге бастамашы болдық. Оның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы тәуекелдерді анықтап, бюджет қаражатының жымқырылуының алдын алу. Бұған дейін субсидияларға қатысты талдау көбіне іріктемелі түрде жүргізілетін. Ал “Dala Info ” жасанды интеллект көмегімен жеткізушілерді, сатып алушыларды, тыңайтқыштар мен пестицидтердің бағасы мен көлемін салыстырып, күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтайды”.
Ауыл шаруашылығы – қыруар қаржы бөлінетін сала. Қаражаттың бір бөлігі субсидияға тиесілі. Яғни, бұл бағытта бақылау, ашықтық пен мөлдірлік әрдайым керек. Әзірлеушілер маңызды жұмыс барысында осыны назарда ұстаған.
ВЛАДИМИР ГОЛОВКО, Қозыбаев университетінің 4-курс студенті:
– “”Dala Info” цифрлық жүйесі Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сұранысы бойынша әзірленді. Университет ішіндегі жасанды интеллект орталығынан 2 студент болып дайындадық. Бұл қосымшаға шамамен 4 ай уақытымыз кетті. Ауыл шаруашылығына қатысты барлық мәселелерді қамтуға тырыстық”.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен жергілікті Қозыбаев университеті – сенімді серіктестер. Қос тарап бұдан өзге бағыттарда да әріптестік орнатқан.
Сандугаш Кайырбек
