Sailau banner

Балалар

Кәсіптік бағдар беру: тәртіп сақшылары жастармен кездесті

Болашақ мамандықты таңдау – әрбір түлектің өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Осыған орай Петропавлда 11-сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру шарасы өтті. Облыстық филармонияға жиналған 500-ден астам жас полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысып, ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу тәртібі туралы ақпарат алды.

ӘБІЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– “Бүгінгі іс-шараның мақсаты – 11-сынып оқушыларына полиция қызметін таныстыру. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу тәртібін түсіндіру. Қазір елімізде Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары және Ақтөбе заң институты бар. Біз балаларға осы оқу орындарына қалай түсуге болатынын, қандай талаптар қойылатынын және полиция қызметінің мүмкіндіктерін айтамыз”.

Бетпе-бет кездесу, ашық әңгіме, қойылған сұрақтарға толық жауап мамандыққа деген қызығушылықты арттырады, саланы бір табан жақын етеді. Шара барысында арнайы техникалар мен қару-жарақ та көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп бітіруші жастардың арасында бала кезінен шенді атанғысы келетіндер бар. Олардың бірі ата-ана жолын жалғауды қаласа, екіншісі қызығушылықтан білім алғысы, еңбек еткісі келеді.

САЛТНАЙ САБЫР, М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы:
– “Менің ата-анам мен туысқандарым осы салада қаншама жыл қызмет етті. Мен соларға қарап өстім, құқық қорғау саласында еңбек еткім келеді. ҰБТ-ға дайындалып, жақсы ұпай жинап жүрмін. Физикалық тұрғыда да өзімді дайындаудамын. Болашақта халыққа жанашыр және жауапкершілігі мол тәртіп сақшысы болатыныма сенімдімін”.

ҰБТ жайлы толығырақ айтсақ, полиция қызметкері атану үшін маңызды сынақта шығармашылық пәннен басқа, кез келген пәнді таңдауға болады. Шекті көрсеткіш 50 ұпайдан кем болмауы тиіс. Өңірден жоғары оқу орына түсіп жатқан жастардың да саны белгілі. Былтыр 25 жас оқуға қабылданса, биыл білім ордаларын 29 түлек аяқтап, аймақта қызметке кіріскен.

Аружан Султанова