Sailau banner

Қоғам

Ел бойынша ең жоғары көрсеткіш: СҚО-да жүк көліктерінің 85 пайызы салмақ нормасын сақтаған

Қараша айында облыс жолдарында тексерілген жүк көліктерінің 85 пайызы салмақ нормасын сақтаған. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Көліктік бақылау инспекциясы мамандарының сөзінше, оң нәтижеге соңғы уақытта жүргізілген бақылау шаралары, түсіндірме жұмыстары себеп болып отыр.

НҰРСҰЛТАН ЖАМАШЕВ, СҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
– “Қараша айында 63 ауыр жүк көлігін тексердік. Оның 54-і белгіленген салмақ нормаларын сақтаған. Бұл нәтижеге бірлескен жұмыстың арқасында қол жеткізіп отырмыз”.

Көліктік бақылау инспекциясы мамандарының жұмысы ұжымдық жиналыстан басталады. Мұнда бір күнге арналған жоспар құрылады. Өзекті мәселелер талқыланады.  Кейін жолда кезекшілік атқаратын мамандарға тапсырмалар беріледі. Виталий Морозовтың инспекцияда еңбек етіп келе жатқанына 11 жылдан асқан. Азаматтың жылдар бойы жинаған тәжірибесі бақылау жұмыстарының сапалы әрі жүйелі жүргізілуіне зор септігін тигізіп отыр.

ВИТАЛИЙ МОРОЗОВ, СҚО көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
– Біздің мақсатымыз – жүргізушілерге айыппұл салу емес, жол қауіпсіздігін сақтау, инфрақұрылымның тозуына жол бермеу. Инспекция толықтай техникалық құралдармен жабдықталған. Цифрлық технологияларды да пайдаға жаратып жүрміз. Орын алған бұзушылықтарды бірден “eRAP” мобильді қосымшасына енгіземіз. Бұл жемқорлық тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.

Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолдарды сапалы салуға қатысты аса маңызды міндет тұр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің Жолдауда айтқан сөзі. Төселген асфальт бір-екі жылда сұрықсыз күйге енбей, көпке дейін шыдауы тиіс. Бұған жүк көліктері де әсер етеді. Аталған бағытта көліктік бақылау инспекциясының мамандары жыл басынан бері рейд шараларын тұрақты түрде өткізіп жүр. Нәтижесінде салмақ параметрлерін бұзудың 300-ге жуық дерегі анықталған. Жүргізушілерге 159 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Салынған айыппұлдың барлығы толығымен өндіріліп алынды.

Нурасыл Ахмет