Өткен жылдың қараша айында облыста 2026-2030 жылдарға арналған цифрлық даму стратегиясы бекітілді. Басым бағыттар айқындалып, цифрлық трансформация картасы мен жол картасы әзірленді. Қазір құжат «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы мен Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді ескере отырып жаңартылуда. Басты мақсат – экономика мен мемлекеттік басқаруды кешенді цифрлық трансформациялау.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ – СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
– “Бүгінде 47 мектепте интеллектуалды қауіпсіздік жүйесі қолданылады. Оған шамамен бір жарым мың камера қосылған. Денсаулық сақтау саласында дәрігерлерге диагностика жасау және шешім қабылдауға көмектесетін жасанды интеллект шешімдері пайдаланылуда. Sqoqyzmet порталы арқылы 47 коммуналдық қызмет қолжетімді. Осы уақытқа дейін шамамен 7 мың қызмет көрсетілген. Петропавлда қар шығару жұмыстарын бақылаудың жаңа шешімдері сынақтан өтті. Екі адаптивті бағдаршам орнатылып, қалдықтарды шығаруды интеллектуалды бақылау жүйесі дамытылуда. Стратегияға сәйкес, 109 қызметін аудандық деңгейге дейін кеңейту жұмыстары басталды. Бұл аумақтардағы өзекті мәселелерге қатысты тереңдетілген талдау жүргізуге мүмкіндік береді”.
Жаңартылған стратегия Smart City және Smart Region бірыңғай цифрлық стандарттарын енгізуді, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік және қалалық сервистер жүйелерін біріктіруді көздейді. Тағы бір маңызды бағыт – IT-экожүйені дамыту. Digital Aimaq жобасы аясында облыста 16 аудандық және ауылдық IT-орталық жұмыс істейді. Енді алған білімді тәжірибеде қолдануға, цифрлық шешімдер әзірлеуге және жергілікті бизнес тапсырыстарын орындауға бағытталмақ.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА – SKO HUB директоры:
– “Биыл Ауыл шаруашылығы мен Цифрлық технологиялар басқармасының бірлескен жұмыс тобы құрылды. Облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барып, олардың цифрландыру деңгейін зерделеу және нақты технологиялық қажеттіліктерін анықтау жұмыстары ұйымдастырылды. Сапар қорытындысы бойынша агробизнес саласындағы практикалық міндеттер тізімі жасақталды. Олардың бірқатары өңірлік IT-командалардың әзірлеуіне берілді. Атап айтқанда, Аққайың ауданындағы «Северный бройлер» серіктестігі, Тимирязев ауданындағы «Таң» шаруа қожалығы және Тайынша ауданындағы «ЕМС Агро» серіктестігі үшін цифрлық шешімдер әзірленуде”.
Ауылдық жерлердегі интернет байланысының сапасына да ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде облыс ауылдарының 93 пайызға жуығы интернетке қол жеткізген. Дегенмен кейбір елді мекендерде байланыс сапасы әлі де заманауи талаптарға сай емес. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық желілер тартылып, мобильді инфрақұрылым дамытылуда.
СЕРІКБОЛСЫН НАХЫПБЕКОВ – «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ жоба жетекшісі
– “Қазіргі уақытта «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің тапсырысы бойынша СНП 2.0 жобасы жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында 278 ауылдық елді мекенді интернетке қосу жоспарланған. Нәтижесінде 54 мыңға жуық ауыл тұрғыны байланыспен қамтылады. Сондай-ақ, 550-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысан интернетке қосылады. Тартылатын талшықты-оптикалық желілердің жалпы ұзындығы 3,1 мың шақырымнан асады. Инвестиция көлемі 17 млрд теңгенің үстінде. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделіп отыр”.
Облыс әкімі жобаның жүзеге асырылу барысына және ауылдарды интернетке қосу кезінде туындап жатқан қиындықтарға зер салып, жұмыстардың мерзімі мен сапасын бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов цифрландырудың нақты нәтижелеріне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы цифрлық музейді мысалға келтіріп, жоба Мемлекет басшысының да назарын аударғандығын тілге тиек етті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша журналистер тобы жіберілді. Олар осы тәжірибемен танысып, оны ауқымды аудиторияға жеткізеді. Осылайша Новоишим ауылының тәжірибесімен еліміздің көптеген тұрғындары танысу мүмкіндігіне ие болады. Ең бастысы, бұл бағытта резиденттер саны артуы керек. Жастарды, мамандарды, аудандық деңгейдегі және ауылдық округтердегі қызметкерлерді цифрландыру үдерісімен барынша қамту қажет”.
Жиында білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын цифрландыру мәселелері қаралды. Киберспортты дамыту жайы да сөз болды. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға цифрлық жобаларды үйлестіруді және олардың жүзеге асырылуын бақылауды тапсырды. Жиында қаралған келесі мәселе – жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі. Ол басталғалы облыста 28 өрт тіркелген.
ЖОМАРТ АСҚАРОВ – СҚО ТЖД бастығы:
– Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Облыста 25 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар жұмысын бастағалы 62 өртті сөндіруге қатысқан. Жыл соңына дейін тағы 14 бекет ашу жоспарланып отыр. Өрт гидранттарының жағдайы да талқыланды. Олардың шамамен 11 пайызы жарамсыз. Облыс әкімі барлық ақауды 25-ші желтоқсанға дейін жоюды тапсырды. Тағы бір өзекті мәселе – арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіретін көліктердің дұрыс қойылмауы.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Арнайы алаңдар өрт сөндіру техникасының ғимарат қасындағы қажетті орынға орналасуына мүмкіндік береді. Бұл жоғарғы қабаттарға кедергісіз жету үшін маңызды. Петропавл қаласында және ірі елді мекендерде осы жұмыстарды жүргізу қажет. Нұрлан Маратұлы Кеңесов, осы мәселені бақылауға алыңыз. Көпқабатты үйлері бар барлық қалаларда тиісті жұмыстар жүргізілсін. Бұл тапсырманы Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне жүктеймін. Мәселені толық пысықтау қажет”.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, мобильді топтар құрып, жатақханалар, хостелдер, кіріктірілген қазандықтары бар көпқабатты үйлер мен пешпен жылытылатын нысандарды тексеру міндеттелді. Бұдан бөлек, өрт сөндіру техникаларының әзірлігін қамтамасыз етіп, өрт сөндіру бекеттерінің үздіксіз жұмыс істеуін бақылауда ұстау қажет.
