НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің басты астықты өңірлерінің бірі. Ел қамбасына құйылатын ырыс дәнінің шамамен 30 пайызы теріскейде өсіріледі. Диқандарымыз жыл сайын мол көлемде өнім алып жүр. Биыл да игі дәстүрден жаңылмады. Науқан қорытындысы бойынша бастырылған астық көлемі 5 млн тоннаға жуықтайды. Бұл – дала төсінде еңбек еткен диқандар мен жалпы теріскей жұртшылығының ортақ жетістігі”.
Петропавлда Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтілді. Жауапты саланың жүгін арқалаған жандар балапан санар уақыттан асқанда жыл да облыс орталығында жиналады. Биыл да көрме қанат жайды. Онда жемісті қызмет атқарып жүрген мамандардың суреттері мен өндірілген өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Жүрек тұсына қолын қойып, Әнұран шырқаған жандар – гүл болып егілген, жыр болып төгілген азаматтар. Әрқайсысының артында мол еңбек жатыр. Олар елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына зор үлес қосып жүр. Ел ырысын еселеген аграрилердің арқасында ауылдардың да әлеуеті нығайып, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсаруда. Салтанатты шара шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Ауыл шаруашылығы – халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайымен тығыз байланысты. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына негіз болатын сала”.
Салтанатты шарада 70-тен астам еңбеккер түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Ең алдымен Есіл ауданындағы “Егін” серіктестігінің басшысы Владимир Чубыкин “Құрмет” орденімен марапатталды.
Кейін 7 адамға Мемлекет басшысы атынан III-дәрежелі “Еңбек данқы” ордені табысталды. Солардың бірі – Уәлиханов ауданындағы “Юнайт Инвест” серіктестігінің директоры Кенжебай Қашаев. Диқан басшылық ететін кәсіпорынның құрылғанына 20 жылға жуықтаған. Егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 4 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Орташа шығымдылық 15 центнерді құрайды.
КЕНЖЕБАЙ ҚАШАЕВ, “Юнайт Инвест” ЖШС директоры, Уәлиханов ауданы:
– Ауыл шаруашылығына келмей тұрып бірнеше салада еңбек еттім. Жұмысым алға баспады. Егін және мал шаруашылығымен айналысқалы даланың адамы екенімді түсіндім.
Ғалымжан Ахмеджанов – “Иван Зенченко” серіктестігінің дәнекерлеушісі. Агроқұрылымда еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асқан. Білікті маман техника мен құрал-жабдықтардың жұмысына жауап береді. Науқанға алдын ала дайындайды, сынып қалса жөндейді. Бүгін оған агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін “Еңбек ардагері” медалі табысталды.
ҒАЛЫМЖАН АХМЕДЖАНОВ, “Иван Зенченко” ЖШС дәнекерлеушісі, Аққайың ауданы:
– Жұмыста бізге бар жағдай жасалған. Жалақымызды уақытылы төлейді. Ауылда мал өсіремін. Серіктестіктен тегін жемшөп аламыз.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 3800-ге жуық серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл мемлекет тарапынан агроқұрылымдарға 220 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілген. Нәтижесінде еңбекккерлеріміз зор жетістікке жетуде. Ағымдағы жылы облыс сүт өндірісі бойынша елде көш бастады. Сала мамандары қазынаға 900 млрд теңге қаржы құйған.
Нурасыл Ахмет
