Sailau banner

Қоғам

Адам құқығын қорғау – басты міндет

Адам құқығы бұзылған жағдайда тұрғындар адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгіне алады. СҚО-да биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті жердегі өкіліне 162 өтініш түскен. Оның 56-сы сотталғандардың құқықтарына, 39-ы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты. Сондай-ақ, сот шешімдерімен келіспеу және тергеу органдарының әрекеттеріне байланысты 17 өтініштен тіркелген.

НАТАЛЬЯ ҚОЖАБЕКОВА, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкілі:
– “Мемлекет кепілдік беретін ең жоғары құндылық – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Негізгі міндетіміз – егер адамның құқығы мемлекеттік органдар, мекемелер немесе лауазымды тұлғалар тарапынан бұзылса, оны қалпына келтіруге ықпал ету”.

Уәкілдің жұмысы өтініштерді қараумен ғана шектелмейді. Азаматтардың құқығы сақталуын бақылау үшін жабық мекемелерге де мониторинг жүргізіледі. Оның ішінде тергеу изоляторлары, жазасын өтеу орындары және әлеуметтік мекемелер. Мамандар ондағы адамдардың жағдайын, тұрмысын, тамақтануы мен ұстау шарттарын қарайды. Жоспарлы бақылаудан бөлек, құқық бұзушылық туралы шағым түскен жағдайда кез келген уақытта тексеруге бара алады.

НАТАЛЬЯ ҚОЖАБЕКОВА, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкілі:

– “Біз жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарының сақталуын да бақылаймыз. Егер мекеме қызметкерлері тарапынан азаптау, қатыгез немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттер жасалғаны туралы шағым түссе, жоспарға қарамастан кез келген уақытта барып, жағдайды тексере аламыз. Қажет болған жағдайда құзырлы органдарды тартып, адамның құқығы бұзылған-бұзылмағанын анықтауға және оны қалпына келтіруге ықпал етеміз”.

Балалар – қоғамдағы ең осал топтардың бірі. Сондықтан олардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән беріледі. Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғау саласында 11 заң қабылданды. Сондай-ақ, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Қорғаншылық және қамқоршылық жүйесін ауқымды реформалау аясында еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың басты міндеті – өтініштерге назар аударып, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға нақты көмек көрсету және өңірдегі барлық қызметтердің жұмысын үйлестіру.

Реформаның маңызды кезеңдерінің бірі – мамандар құрамын сапалық тұрғыдан нығайту. «5 мың балаға – бір маман» нормасының заңмен бекітілуі нәтижесінде жыл басынан бері еліміздегі қорғаншылық органдары қызметкерлерінің саны үш еседен астам өсіп, 303-тен 1029 адамға жетті. Мамандар үшін бірыңғай жұмыс стандарттары мен кәсіби оқыту бағдарламалары енгізілуде. Бұл республика аумағында балаларды қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

СҚО-да балаларға қатысты мәселелерді шешу үшін түрлі мемлекеттік органның жұмысы үйлестіріледі. Қазір полицияның есебінде қолайсыз жағдайдағы 199 отбасы бар. Аталған жанұяларда 232 бала тәрбиеленіп отыр. Әр отбасыға ментор бекітілген. Олар отбасының жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда қолдау көрсетеді. Ал баланың мәселесі шешілгенге дейін мамандар оның жағдайын тұрақты назарда ұстайды.

МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:
– “Балаларға қатысты мәселелер білім беру жүйесімен ғана шектелмейді. Оған денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары да қатысады. Сондықтан басқарма осы қызметтердің жұмысын үйлестіріп, балаға жан-жақты көмек көрсету үшін құрылды. Біздің жұмысымызға кейс-менеджмент тәсілі енгізілді. Яғни, балаға қатысты қандай да бір мәселе туындаса, қызметкер оның шешілуін бақылап, жағдайы қалыпқа келгенге дейін сүйемелдейді. Қажет болған жағдайда отбасыға қайта хабарласып, баланың жағдайын сұрап, көрсетілген көмектің нәтижесін бақылайды”.

Балалармен жұмыста бұрын қолданылған мектепішілік есеп жүйесі де өзгерді. Енді ерекше назарды қажет ететін оқушылар педагогикалық сүйемелдеуге алынады. Бұл баланың жағдайын бағалап, оған қажетті қолдау көрсетуге бағытталған.

МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:
– “Педагогикалық сүйемелдеуге ерекше назар аударуды қажет ететін 16 санаттағы балалар кіреді. Әрқайсысына жеке жоспар жасалып, жағдайы үш ай сайын профилактикалық кеңесте қаралады. Қазір облыста педагогикалық сүйемелдеуде 532 бала бар. Жыл басынан бері 26 көшпелі мониторинг жүргізіп, аудандардағы мектептер мен колледждерге бардық”.

Қазір облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мыңнан астам бала бар. Оның 292-сі ата-анасынан айырылған, ал 709 баланың ата-анасы тірі болғанымен, түрлі себеппен отбасында тәрбиелене алмайды. Қазір олардың барлығы отбасылық тәрбие формаларымен қамтылған. Мамандар үшін басты мақсат – әр баланың құқығын қорғап, қауіпсіз ортада өсуіне мүмкіндік жасау.

 

Жансая Дербисова