Sailau banner

Заң

“Сұлтан” фабрикасындағы қайғылы жағдай: арнайы комиссия шешім шығарды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “12 қазан күні Петропавлдағы макарон өнімдерін шығаратын “Сұлтан” фабрикасында 35 жастағы ер адам көз жұмды. Түнгі 3 кезінде жұмысшы қамыр илейтін қондырғыны тазалап жатқан. Сол сәтте аппарат қосылып кетіп, қызметкер ішінде қысылып қалған. Ауыр жарақат салдарынан ажал құшты. Қайғылы оқиға бойынша бірден арнайы комиссия құрылды. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Өткен жұма күні оның қорытындысы да шықты”.

Тексеріс жұмыстары 1 айдан аса уақытқа созылды. Қайғылы жайтты майшаммен қараған мамандардың шешімі – жұмыс беруші кінәлі. Орда бұзар жастан асқан азаматқа ақпараттық-түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілмеген.

АЗАТ БЕЙСЕМБИН, СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы:
– “Қайғылы жағдайға жұмыс берушінің қызметкерге еңбек қауіпсіздігі талаптарын түсіндірмегені себеп болған. Тексеру кезінде маманның толық оқытылмағаны анықталды. Тіркелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу материалдарын әзірлеп жатырмыз. Бірер күнде полицияға жолдаймыз”.

Жұмысшы көз жұмған қондырғы қазір қолданыста ма?

Таяқтың екі ұшы бар дегендей, “Сұлтан” фабрикасы басшылығының пікірін тыңдауды да жөн көрдік. Жауаптылар жауаптан қашпады. Бас директордың орынбасары Арман Сүлейменовтің сөзінше, қайғылы оқиға орын алған сәтте марқұмның жанында әріптесі болған. Ол зардап шекпепті. Екеуі де білікті мамандар, кәсіпорында бақандай 13 жыл бойы еңбек еткен.

АРМАН СҮЛЕЙМЕНОВ, “Сұлтан” АҚ бас директорының орынбасары:
– “Орын алған қайғылы оқиғадан кейін қондырғыны бірден дезинфекцияладық. Тексеру де жүргізілді. Ешқандай ақау табылмады. Аппарат уақытша мөрленді, қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Тергеу аяқталғанша дейін пайдаланбаймыз. 30 жылдың ішінде мұндай жағдай болған емес”.

Әзірге қайғылы оқиға бойынша кінәлі тұлға анықталған жоқ. Бірақ, кәсіпорын басшылығы жауапкершіліктен қашпайтындарын жеткізді. Фабрика марқұмның жерлеу рәсімін өткізген, отбасына көмектесіп тұрады.

АРМАН СҮЛЕЙМЕНОВ, “Сұлтан” АҚ бас директорының орынбасары:
– “Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Біз енді мұндай қайғылы жағдайдың қайталанғанын қаламаймыз. Сондықтан қызметкерлермен бірнеше жиналыс өткіздік. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін қайта түсіндірдік. Сондай-ақ, фабрикада әр қондырғыны тексердік”.

Тергеу жұмыстарының нақты нәтижесі 1 айдың ішінде белгілі болады. Айта кету керек, жыл басынан бері облыстағы өндіріс орындарында 28 жазатайым оқиға тіркелді. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 30 адам жарақат алды.

Нурасыл Ахмет