Петропавлда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Жауапкершілік өзімнен басталады» атты үгіт-насихат форматындағы форум өтті. Жиында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. Олар: нашақорлық, буллинг, интернеттегі алаяқтық. Бұлар болашаққа балта шабуы мүмкін. Ал өмірді түпкілікті өзгертпес үшін сауатты, жан-жақты болу керек.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:
– “Форумның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру. Қатысушылар шығармашылық қойылымдар арқылы нашақорлықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және буллингті тоқтату тақырыптарын көтерді. Колледжде өткізу себебіміз студенттерімізге жақсы жағынан ықпал еткенін қалаймыз. Қойылымдарды тамашалауға 200-ге жуық жас жиналды”.
Әр шығармашылық нөмірдің өзіндің мән-мағынасы болды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары форумға қысқа роликтер де дайындаған. Олар өз жұмыстары арқылы заң талаптарына тоқталды, өзекті мәселелерге тоқталды.
МЕЛИССА СПИРЬЯНОВА, оқушы:
– “Біз бейнероликтерді мектеп психологтарының және ұстаздардың көмегімен сабақ арасында түсіріп келеміз. Бүгін роликте ешкіммен араласпайтын, тұйық қыздың бейнесін көрсеттік. Қатарластары оны ортадан шектемей керісінше қолдау көрсетеді. Біз өз туындымыз арқылы мектептегі қысымның алдын алуға тырнақтай болса да септігімізді тигіздік деп ойлаймын”.
Шара соңында барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта қойылымдар мен бейнероликтерді қала мектептері арасында көрсету жоспарлануда.
Сандугаш Кайырбек
