Sailau banner

Балалар

Мектептегі оқу-жаттығу жиыны: оқушыларға өрт қауіпсіздігі түсіндірілді

Дабыл қағылып, Петропавлдағы №29 жалпы білім беретін мектептегі балалар кіреберіске бет алды. Олар жылдам далаға шығу керек. Нысан ішіндегі адамдарға өрт қаупі төніп тұр. Дегенмен, алаңдаудың қажеті жоқ. Оқу ошағында арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Эвакуацияланған ұл-қыздарды есік алдында құтқарушылар күтіп тұрды.

Далада балалар өрт сөндірушілердің арнайы техникасы және құтқару құралдарымен танысты. Мұндайды күнде көре бермейсің. Оқушыларға бәрі қызық болды. Әсіресе, олардың назары кинолог пен қызметтік итте болды.

НҰРСҰЛТАН ЕЛЕУСІЗОВ, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
–  “Министрлік жариялаған өрт қауіпсіздігінің онкүндігі аясында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өңірдің білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралар өткізіп жатыр. Оқушыларға қызметтік техника таныстырылып, оның мүмкіндіктері мен жабдықтары көрсетілді. Сондай-ақ, шартты өрт кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерін эвакуациялау бойынша практикалық жаттығулар ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді”.

Ұл-қыздардың көбі от шыққан кездегі іс-әрекетті біледі екен. Дегенмен, “білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз” дейміз. Мұндай жиындардың пайдасы зор. Балалар білімдерін толықтырады, құтқарушылардың жұмысымен танысады, мамандыққа деген құрмет артады.

“Береке” ықшам ауданындағы №29 жалпы білім беретін мектепте 900-ге жуық оқушы білім алады. Қоса кетейік, биыл аймақта 400-ге жуық өрт дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға аз. Алайда, ағымдағы жылы тілсіз жау 27 адамның өмірін қиды. Көз жұмғандардың арасында 3 бала да бар, тағы 2 бала жарақат алған. Өңірдегі мектептерде арнайы оқу-жаттығу жиыны желтоқсанның 2-ші жұлдызына дейін жалғасады.

Аружан Султанова