Sailau banner

Қоғам

“Қызылжар” халықаралық әуежайы мен “FlyArystan” әуе компаниясы өзара меморандум жасасты

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев “FlyArystan” әуе компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар аймақтағы әуе қатынасын дамыту, жолаушылар тасымалын арттыру және жаңа бағыттарды іске қосу мәселелерін талқылады. Кездесуде Петропавлдан ел мегаполистеріне қосымша рейстер ашу, сондай-ақ, батыс өңірлермен әуе байланысын орнату мүмкіндіктері сөз болды.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “Облыста туризм жыл сайын қарыштап дамып келеді. Теріскей өзінің тұмса табиғатымен, тарихи орындарымен танымал. Әкімдік тарапынан салаға зор қолдау көрсетілуде. Тиісінше, аймаққа келуші жандардың саны артып жатыр. Келесі жылдан бастап “Көкшетау-Петропавл” тас жолын кеңейтеміз. Ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан бізге әуе қатынасын дамыту қажет”.

Қазіргі таңда жерлестеріміз “Қызылжар” халықаралық әуежайы арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қас пен көздің арасында жете алады. Дегенмен өңір тұрғындарының сұранысын ескере отырып, аталған бағыттардағы әуе рейстерінің санын көбейту қажет. Кездесу барысында әуежайдың техникалық базасына, ішкі жағдайына ерекше назар аударылды. Тариф бағасын тұрақтандыру жайлы да сөз болды.

АНАР ЗЕЙНІЛ, “Қызылжар” халықаралық әуежайы директорының орынбасары:
– Әуе рейстерінің саны неғұрлым көп болса, баға да арзандайды. Өңірге келуші жандар көбейеді. Экономикамызға тікелей әсер етеді деп айта аламын. Компания өкілдерімен жан-жақты келіссөз жүргіздік. Әуежайдың тыныс-тіршілігімен танысты. Желтоқсан айында алғашқы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын”.

“FlyArystan” – елдегі алғашқы отандық лоукостер. Бүгінде компания Қазақстанның авиациялық нарығындағы әуе тасымалының 40 пайызын қамтамасыз етеді. Қытай, Түркия, Әзербайжан және БАӘ-ға халықаралық рейстер орындайды. Жұмыс оң жолға қойылса алдағы уақытта теріскейліктер Петропавлдан аталған мемлекеттерге тікелей қатынауы мүмкін.

МАРАТ АЙНАБЕКОВ, “FlyArystan” АҚ корпоративтік коммуникациялар басқармасының басшысы:
– “Петропавл – солтүстіктегі қақпамыз. Географиялық тұрғыдан тиімді қала. Бюджеттік компания болғандықтан біздегі баға басқаларынан төмен. Бейсенбі сайын жолаушыларға арнайы жеңілдіктер ұсынамыз”.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамыту бойынша өзара меморандум жасасты.

Нурасыл Ахмет