Биылғы қаңтар-қазан айлары аралығында өңірімізде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 0,1% өсті. Сырт көзге тырнақтай ғана сан сияқты. Алайда, ағымдағы жылы аймақта 194,5 мың шаршы метр баспана тапсырылған. Бұл бағытқа 217 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал келер жылы жіпке тізілген көрсеткіштер еселеп артады.
ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, “Ел жастары” РҚБ өңірлік өкілдігінің жетекшісі:
– “Жақында біздің Президентіміз өз Жолдауында бірнеше мәселені атап өтті. Келесі жыл “Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы” болатынын айтты. Бүкіл қазақстандықтар, оның ішінде солтүстікқазақстандықтар үшін бұл жақсы жаңалық дер едім. Біздің халқымыз үшін жаңа нысандар салынып жатыр”.
Жерлестерімізді жол саласына да қатысты өзгерістер қуантады. Тақтайдай тегіс асфальт біраз жерге жетпек. Яғни, халықтың жүріп-тұруына мән беріледі.
ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, “Ел жастары” РҚБ өңірлік өкілдігінің жетекшісі:
– “Тағы да бір өзекті мәселенің бірі – “Көкшетау-Петропавл” трассасын кеңейту. Осы жұмыс алдағы уақытта пайдасын әкелер деп ойлаймын. Себебі, қайғылы оқиғалар мен жол апаттарының азаюына септігін тигізетініне сенімдімін”.
Әр іс – көлге тамған тамшыдай. Ал көл сол тамшыдан құралады. Демек, осындай игі істер арқылы елді дамытамыз. Президент Жолдауы да осыған негізделген.
Аружан Султанова
