Қоғам

СҚО-да кәсіпкерлер ұн, күріш пен сары майды қымбатқа сатқан

Сауда-саттық кезінде қандай да бір бұзушылық орын алса, жауапты департаментке хабарласу керек. Мысалы, азық-түлікке электронды түрде тапсырыс бердіңіз, сізге көңіліңізден шықпайтын тауар әкелді. Мұндай сәтте құқықты қорғауға болады. Ағымдағы жылдың 10 айында жүздеген жерлесіміздің мәселесі оң шешім тапқан.

ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– “Осы кезеңде Департамент 818 өтінішті қарады. Департаменттің жәрдемімен тұтынушыларға 23 миллион 85 мың 546 теңге қайтарылды”.

Ал былтыр тұтынушыларға 16 миллион теңгеден астам ақша қайтарылыпты. Департамент жұмысының тағы бір бағыты – шамадан тыс табыс табуды көздейтін кәсіпкерлерді анықтау және жазаға тарту. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қараша аралығында аймақта 130-дан астам бизнес өкілі заң бұзған.

ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– “2026 жылдың 10 айында 135 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың 126-сы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асырған. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 90 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына белгіленетін базалық шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс”.

Шекті сауда үстемесін асырған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Оның мөлшері әртүрлі. Мұндай жаза іскер жанның статусына қарай тағайындалады.

ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
– “Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 5 айлық есептік көрсеткішті, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 35, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 10, 70 және 300 айлық есептік көрсеткішті құрайды”.

Қоса кетейік, айыппұл арқалаған кәсіпкерлер ұнды, күрішті, қарақұмық жармасын, тауықтың сан етін, сары майды және күнбағыс майын жоғары бағадан сатқан.

Байболат Култанов