Ашық сұхбат алаңына айналған алғашқы нысан – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені. Басқосуға 130-ға жуық адам қатысты. Кезедесуде білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқыту сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған жағдайлар сөз болды. Сондай-ақ, министрлік өкілдері өз салаларындағы басты жаңалықтармен бөлісті.
ЭЛЬДАР КҮЗЕНБАЕВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– “Қазір бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының, яғни қазіргі Мансап орталықтардың жұмыс форматын толық қайта қарап жатырмыз. Сандық жұмыспен қамту қызметіне көшудеміз. Мысалы, жұмыссыздардың жарты жылдан астам уақыт бойы міндетті зейнетақы аударымдары түспегенін байқасақ, қызметкерлеріміз оларға СМС-хабарлама жолдайды. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізіндегі арнайы көмекші жүйені іске қостық. Азаматтар арнайы сілтеме арқылы кіріп, өзінің тұрғылықты жерін, білімі мен еңбек өтілін енгізсе болғаны, цифрлық көмекші оған лайықты бос жұмыс орындарын бірден тауып береді”.
Кейін жұмыс тобы облыстық көпсалалы ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесті. Мұнда медициналық көмектің қолжетімділігі мен нысандарды жаңғырту жайы талқыланды. Айта кетейік, 2027 жылы елімізде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бастау алады. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан жолдарды, ауруханалар мен мектептерді салуға және жаңартуға 6,5 трлн теңгеге жуық қаржы бағыттау жоспарланған.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, ҚР Құрылтайының депутаты:
– “Медицина саласына тоқтала кетсем, бұл бағытта жаңғырту жұмыстары жүріп, жаңа ауруханалар бой көтеруде. Әсіресе Петропавлда, 19-шағын ауданы жанындағы көпсалалы аурухана құрылысының қайта жанданғаны қуантады. Тұрғындарға Астана немесе Алматыға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті дәл осы жерде алуға жағдай жасау керек. Мұнда құрал-жабдықпен қамту деңгейі жоғары, облыс орталығында дәрігерлер құрамы да толық. Ал ауылдарда тек тар бейінді медицина мамандары ғана тапшы емес, тіпті жалпы тәжірибелі дәрігерлердің де тапшылығы әлі де сезіліп отыр”.
Дәрігерлерді қолдау – Жолдаудағы өзекті бағыттардың бірі. Келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызметтің 77 мың қызметкеріне үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша төлемақы беріледі. Жұмыс тобының келесі нысаны – 475 адам еңбек ететін Киров атындағы зауыт болды. Мұнда кездесуге 100-ге жуық жұмысшы қатысты. Жиын барысында зауыт ұжымы үшін маңызды мәселелер – жол инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту, газдандыру, ең төменгі еңбекақыны өсіру және кәсіпорынның келешек жоспарлары талқыланды.