НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Көкшетау-Петропавл” трассасы. Бұл бағыт бойынша күніне 6 мыңнан астам көлік қатынайды. Сандар жыл сайын артуда. Өкінішке қарай, автожолда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Арты қайғымен аяқталған жағдайлар да аз емес. Жыл басынан аталған трассада 15 адам қаза тапқан. Ауыр жарақат алғандары қаншама. Сондықтан автожолды кеңейту – уақыт талабы”.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында “Көкшетау-Петропавл” трассасын кеңейту қажеттігін айтты. Тапсырма берілді, оны орындау – басты міндет. Жауаптылар іске кіріскен. Маңызды іс 2027 жылы басталады. 3 жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– “Қазіргі таңда Көлік министрлігі бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатырмыз. Автожолдың жалпы ұзындығы – 165 шақырым. Оның 132 шақырымы – СҚО-ға тиесілі”.
Құрылыс жұмыстары аясында трасса 4 жолақты болады, ені 18 метрге дейін кеңейтілмек. Бұл қазіргісінен 2 есе көп. Сонымен қатар, жаңа көпірлер, жол өткелдері мен су өткізгіш құбырларын салу жоспарлануда. Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта автожолдың бойында автотұрақтар мен ауқаттанатын орындар да ашылады. Жарықшамдардың саны көбейеді. Бұл қуанышты жаңалықты тұрғындар ұзақ күтті. Әлеуметтік желілерде аталған мәселе жиі талқыға түсетін.
Көкшетау-Петропавл тасжолымен қатынайтындардың 60 пайызы – транзиттік көлік. Дәл осы трасса арқылы отандық өнімдер көршілес мемлекеттер мен Еуропаға тасымалданады. Сондықтан халықаралық дәліз деп айтсақ та қателеспейміз. Түсірілім барысында Петропавл маңындағы автотұрақта аялдап тұрған жүк көліктерінің жүргізушілерімен тілдестік. Рөл тізгіндеген жандар құрылыс жұмыстарының аяқталғанын асыға күтетіндерін жеткізді.
ПАВЕЛ БЕРГИЗАНОВ, жүргізуші:
– “Өзім Қытайдан Беларусь Республикасына бара жатырмын. Мыңдаған шақырымды бағындырып келе жатқан кезде ұйқым келеді. Тоқтап мызғып алуды ойлаймыз, бірақ, аялдайтын жерлер аз. Инфрақұрылым да ақсап тұр. Сондай-ақ, алда келе жатқан көлікті басып озуға мүмкіндік аз. Бұл трассамен жүретін машиналардың саны өте көп, жол апатын жиі көреміз”.
НИКОЛАЙ СОЛДАТОВ, жүргізуші:
– Автомагистральдан қос жолақты жолға түсу өте қиын. Рөл тізгіндеп жүргеніме 20 жылдан астан. Дәл осы трассамен айына кемінде бір рет жүремін. Жол-көлік оқиғалары жиі болады. Кеңейтетін уақыт келді деп ойлаймын”.
Жауаптылар “Көкшетау-Петропавл” тасжолын кеңейту жұмысын ұдайы бақылауда ұстайды. Маңызды іс көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, логистика мәселесін шешуге зор септігін тигізеді. Айта кету керек, алдағы 10 күннің ішінде жолға қандай жабын төселетіні белгілі болады.
Нурасыл Ахмет