Білім

Теріскейлік ғалымдар асфальтбетонның сапасын арттыратын арнайы қоспа ойлап тапты

Облыста жыл сайын жүздеген шақырым жол салынып, жөнделеді. Бұған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Дегенмен жасалған кейбір учаскелер 1-2 жылға жетпей сұрықсыз күйге енуде. Аталған мәселені Мемлекет басшысы өз Жолдауында көтерді. Оны шешу бағытында Қозыбаев университетінің профессорлары жүйелі жұмыс істеуде. Мамандар асфальттың суды сіңіру көрсеткішін төмендетіп, беріктігі мен жабысу қасиетін арттыратын арнайы қоспа ойлап тапқан.

АНТОНИНА ДЮРЯГИНА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры:
– “Осыдан 3 жарым жыл бұрын министрліктен жол жабынын зерттеу бойынша грант ұтып алдық. Барлық өтінім мақұлданды, қажетті қаржы бөлінді. Асфальттің беріктігін арттыру үшін өндірістік қалдықтарды кәдеге жараттық. Жылу-электр орталығында пайдаланылған сұйықтық пен мұнай-химия өндірісінің қалдықтарынан арнайы қоспа әзірледік. Оны асфальтбетонға қостық. Зертханалық сынақтар жұмыстың тиімділігін көрсетті”.

Профессорлардың сөзінше, Батыс елдерінде асфальтбетон жабыны тек битумнан жасалмайды. Оның құрамына міндетті түрде полимерлі қоспалар қосылады. Ал олардың бағасы өте қымбат. Теріскейлік тапқырлар ойлап тапқан жоба арқылы шығынды азайтуға болады.

ЮЛИЯ БЫЗОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Химия және химиялық технологиялар” кафедрасының меңгерушісі:
– “Докторантураға оқуға түскен кезде маған докторлық диссертация жазу керек болды. Өңірдегі өзекті мәселелерді шешу мақсатым еді. Сондықтан оқытушымен бірге аталған тақырыпты таңдадық. 2 жыл бойы зерттеу жүргіздік. Бөлінген қаржыға 4 зертханалық құрал сатып алдық. Алдағы уақытта жоба тиімділігін танытып, қолдау табады деген сенімдемін”.

Жуырда арнайы қоспа қосылған асфальбетон Мағжан Жұмабаев ауданындағы жол учаскесіне төселді. Енді көктемде нақты нәтижені көреміз. Барлығы ойдағыдай болса, профессорлардың жұмысы жол құрылысында пайдаланылмақ.

Нурасыл Ахмет