Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында теріскейдің сүтті мал шаруашылығын дамытудың тәжірибесін жоғары бағалады. Жалпы, Жолдау жүктеген міндетке сай өңірімізде заманауи мал шаруашылығы кешендерін салу қарқынды жүзеге асуда. Шал ақын ауданындағы “Asyl Farms” кәсіпорны – бұл бағытты бағдарға алған белді агроқұрылымдардың бірі. Қазір серіктестік сонау Австралиядан сиыр әкелумен айналысып жатыр. Жуырда 500-дің 300-ін жеткізді. Мақсат – асыл тұқымды ірі қараның санын 5 мыңға дейін арттыру.
ҒАБДОЛЛА ШМАНОВ, “Asyl Farms” ЖШС директорының міндетін атқарушы, Шал ақын ауданы:
– “Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз мал шаруашылығын дамытуға бет бұрдық. Австралия мемлекетінен 500 бас ірі қара ангус тұқымын алуға шешім қабылдадық. Олардың алғашқы легі ретінде 304 бас ет бағытындағы мал әкелінді. Ангустың етті тез жинауы мен мәрмәр еті ерекше бағаланады. Австралияны таңдауымыздың басты себебі – ол жақта генетикалық таза мал бар. Біз сол елге барып, озық технологияларын, мал бордақылау алаңдарын көріп, тәжірибе жинақтап қайттық. Мақсатымыз – болашақта бұл көрсеткішті 5 мың басқа жеткізіп, елімізде асыл тұқымды мал өсіруді және ішкі нарықта ет кластерін дамыту”.
Қазір 8 айлық құнажындар карантинде тұр. “Зеңгі баба төлі жерсініп, ауа райына және жаңа азыққа үйренуі тиіс”,- дейді мамандар. Кейін оларды бөлек қораға орналастырып, күйлеу кезеңіне дайындайды.
ҒАБДОЛЛА ШМАНОВ, “Asyl Farms” ЖШС директорының міндетін атқарушы, Шал ақын ауданы:
– “Облыс басшылығының қолдауымен шетелге барып, озық тәжірибені, мал баптаудың жаңа тәсілдерімен таныстық. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға да зор үлес қосады”.
Ел бойынша екінші орында: Биыл СҚО-да 300 мың тоннаға жуық сүт өндірілген
Өңірде озық технологиялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа кешендер бой көтеріп, сала көрсеткіштері артуда. Бүгінде облыста 118 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Нәтижесінде биыл 300 мың тоннаға жуық сүт өндірілген. Бұл – ел бойынша 2-ші көрсеткіш болып саналады. Шал ақын ауданының өзінде мал шаруашылығымен айналысатын 30-ға жуық серіктестік бар.
СЕРІК ШАИНОВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
– “Биыл 9 ай ішінде аудан бойынша 2,5 мың тонна ет, 12 мың тоннаға жуық сүт өнімі өндірілді. Алдағы уақытта да мал шаруашылығын дамыту үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жер бөлеміз. Жалпы, ауданда қазір 10 мыңға жуық ірі қара, 26 мың қой-қошқар, 10 мыңға жуық жылқы және 2,5 мың шошқа бар”.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінде өңірде 1 млн-нан астам мал бар. Жыл соңына дейін өңірген шетелден әкелінген асыл тұқымды сиыр саны 5 мыңға жетеді. Кәсіпкерлердің көбі бұл көрсеткішке мемлекеттік қолдау аясында қол жеткізіп отыр.
Жаннур Бектурганова