Қоғам

СҚО-да биыл 8 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында 9 айдың ішінде 8 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың басым бөлігі электронды форматта ұсынылды. Бұл тұрғындарға үйден шықпай-ақ анықтама алуға, құжат рәсімдеуге және басқа да қызметтерді онлайн пайдалануға мүмкіндік береді.

БАҚЫТ МАХАТОВ, ҚР МҚІА СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– “Есепті кезеңде департаменттің араласуымен 32 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Соның бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне қайта қою мәселесі. Бұл ретте олардың бастапқы кезекке тіркелген күні мен санаты сақталды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жетілдіру үшін соңғы жылдары 300-ден астам ұсыныс әзірленді” .

Қызмет көрсету сапасын бақылау аясында департамент 120-ға жуық іс-шара өткізді. Оның 38-і – азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексеру, 11-і – жоспарлы тексеру, 70-і қашықтан бақылау болды. Тексеру кезінде қызмет көрсету мерзімін бұзу, негізсіз бас тарту және артық құжат талап ету деректері анықталды. Нәтижесінде жауапты тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жансая Дербисова