Мәдениет

Петропавлда 100-ден астам оқушы күй шертті

“Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”, – демекші Республика күні қарсаңында Петропавл төрінде ерекше шара қолға алынды. “Dostyq Mall” сауда-ойын-сауық орталығында жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ден астам оқушысы күй шертті. Бұл – Қазақстанның ұлттық мерекесі қарсаңында жыл да ұйымдастырылатын ерекше шара. Көпшілік алдында көсілген талантты шәкірттер қазақ халқының болмысынан, тарихынан сыр шерткен 12 туындыны жоғары деңгейде орындады. Атап өтсек, жұртшылыққа “Қосбасар”, “Ертұран”,”Адай” және тағы басқа күйлер ұсынылды.

 СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:
– “Біздің мектебімізде балалар домбыра сыныбына 7-сыныптан бастап қабылданады. Соның нәтижесінде қазір 100-ден аса бала домбырада еркін ойнайды”.

ӘЛІМ ТІЛЕУЖАН, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ оқушысы:
-“Осы флешмоб арқылы біз Петропавл жұртшылығына ұлттық өнерімізді ұлықтаймыз, домбыра өнерін облыста дамытамыз”.

Сандугаш Кайырбек