Ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлау жұмысы енді мектеп қабырғасынан басталмақ. Шағалалы орта мектебінде Солтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы агросынып ашылды. Мұнда 15 оқушы білім алады. Сабақтарды мектеп мұғалімдері мен жергілікті ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының өкілі бірлесіп жүргізеді.
ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды саласы. Ал оның болашағы білікті мамандарға байланысты. Аққайың ауданындағы Шағалалы орта мектебінде ашылған жаңа агросыныпта оқушылар аграрлық сала бойынша білім алып қана қоймай, тәжірибе жүзінде жаңа технологиялармен жұмыс істеуді де үйренеді”.
ҚЫМБАТ АЛЕНОВА, Шағалалы орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:
– “Агросынып оқушыларға 9-сыныптан бастап болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік береді. Оқушыларды осы бағытта тек теориялық сабақтармен шектемей, практика жүзінде де тереңірек таныстыратын боламыз. Оқушылар тәжірибе алаңдарына қыс кезінде аптасына 1 рет, ал күзде, көктемде және жазда бірнеше рет баратын болады”.
Агросыныпқа қабылданған оқушылардың бірі болашақта агроном болуды көздейді. Оның бұл салаға қызығушылығы отбасынан басталған. Әкесі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ал анасы бұрын тер төгіпті.
ИОСТ РАЙНГОЛЬД, Шағалалы орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– “Әкем механизатор, анам бұрын агроном болып жұмыс істеген. Өзім де ата-анаммен бірге егістікке барып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесемін. Болашақта агроном болып, өңіріміздің дамуына үлес қосқым келеді. Сондықтан осы агрокластың ашылғанына қуаныштымын. Мұнда агрономияны тереңірек меңгеріп, жаңа білім алуға мүмкіндік бар”.
Тиімді жоба Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып отыр.
ЕЛЕНА ГОНТАРЬ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– “Аққайың ауданы – облыстағы 7 пилоттық алаңның бірі. Алдағы уақытта өңірдің тағы 6 ауданында агросынып ашу жоспарланған. Бұл маңызды секторға қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді”.
Бүгінде Шағалалы орта мектебінде 147 оқушы білім алады, оларға 27 ұстаз сабақ береді. Жаңа агросынып – өңірде аграрлық бағыттағы білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған алғашқы қадам.
Жансая Дербисова