Білім

Қозыбаев университетінің профессоры Жанбай Қадыров 60 жасқа толды

Саналы ғұмырын университет қабырғасында өткізіп, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған тұлға. Қозыбаев университетінде филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыровтың 60-жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Салтанатты шарада профессордың ғылыми-педагогикалық қызметі сараланып, еңбек жолы дәріптелді.

ЖАНБАЙ ҚАДЫРОВ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
– “Қозыбаев университетінде 1992 жылдан бері еңбек етемін. Жас маман кезімде әріптестерім зор қолдау көрсетті. Олардың арқасында профессор болдым, тұлға болып қалыптастым”.

60 жыл – өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасайтын белес. Салтанатты шарада профессордың “Көркем дискурс арналары” атты кітабының тұсауы кесілді. Шығармада қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған студенттерге жол көрсететін ақпар жазылған. Жанбай Тұрарұлының студенттік шағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткен. Филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жанбек 4 жыл бойы мерейтой иесіне сабақ беріпті.

СӘБИТ ЖАНБЕК, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры:
–  Жанбай берген тапсырмамды уақытылы орындайтын. Елгезек, білімге құштар студент болды. Жеңіл атлетикамен айналысты”.

Шараға Жанбай Қадыровтың дәрісін тыңдап, тәлімін алып жүрген бір топ студент қатысты. Ұл-қыздар мерейтой иесінің кәсібилігін жоғары бағалайды.

АЯЖАН НҰРЖАН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– “Осыдан 2 жыл бұрын Жанбай Тұрарұлы мен оқитын мектепке кәсіптік бағдар беруге келді. Қазақ әдебиеті мамандығын таңдауыма себеп болған жан”.

Жанбай Тұрарұлы – Айыртау ауданының тумасы. 35 жылдың ішінде профессордың білім мен ғылымға байланысты 500-ге жуық мақаласы жарық көрген.

Нурасыл Ахмет