Ауыл шаруашылығы

Корнеевка мен Заградовкада ветеринариялық пункттер ашылды

Корнеев ауылдық округі – Есіл ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының саны бойынша ірі округтердің бірі. Мұндағы жеке қосалқы шаруашылықтарда 700-ден аса ірі қара, 400-ге жуық ұсақ мал және 700-ден астам жылқы бар. Осы орайда ашылған жаңа ветеринариялық нысандар заманауи талаптарға сай салынған.

ВАДИМ КРАСНОЩЕК, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
– «Есіл ауданы бойынша ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары аясында биыл 4 бейінді пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған нысандар ветеринариялық-санитариялық талаптарға толық сәйкес келеді. Ғимараттар кең әрі жарық, әрқайсысының ауданы 50 шаршы метр болады. Келесі жылы да осындай бірнеше нысан ашу жоспарланып отыр. Қазір тиісті жер учаскелерін анықтап жатырмыз».

Ветеринариялық нысанда мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Әр қосында мал дәрігері мен жануарларды емдеу шараларын жүргізетін оператор қызмет атқарады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай нысандардың салынуы өңірдің дамып жатқанын білдіреді.

СВЕТЛАНА МАКАРОВА, Корнеевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы: 
– “Корнеев ауылдық округінің дамып келе жатқанын іс жүзінде көріп жүрміз. Соңғы уақытта ауылымызда көптеген оң өзгеріс болды: тауарлы-сүт фермасы салынды, өрт сөндіру бекеті ашылды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары да көбейіп келеді. Бұл біз үшін өте маңызды. Енді өзіміз де, балаларымыз да ауылда қалып, еліміздің дамуына үлес қоса аламыз”.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа нысан аумағына қарағай көшеттері отырғызылды. Игі іске аудан әкімі Мереке Мұхамедияров, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ветеринариялық пункт Заградовка ауылында да ашылды. Бұл округте де мал басының көптігіне байланысты аталған қызмет түріне сұраныс жоғары. Жаңа нысан тиісті құрал-жабдықпен қамтылған. Сондай-ақ, ветеринар-дәрігерлерге арналған тынығу бөлмесі қарастырылған. Жасалған жағдай мамандардың ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.

 ВАСИЛИЙ КУЗНЕЦОВ, мал дәрігері, Есіл ауданы:
– “Ветеринариялық қызметтің маңызы зор, өйткені біздің жұмысымыз бүкіл халықтың амандығына әсер етеді. Жұқпалы аурулармен күресу оңай емес. Бұрын кеңсе орнын жиі ауыстыратынбыз. мұндай нысан бұрын-соңды болған емес. Тұрғындар да енді қайда жүгіну керектігін біледі, қажет кезде сапалы көмек ала алатынына қуанышты”.

Есіл ауданында ветеринариялық қызметті дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. 2027 жылы жалпы құны 150 млн теңгеге тағы 5 ветеринариялық пункт салу жоспарланып отыр.