Қоғам

Қазақстанның мемлекеттілігі туралы өңірлік ғылыми конференция

Қазақстанның мемлекеттілігі қалай қалыптасты және оның тарихи кезеңдері бүгінгі даму бағытымен қалай сабақтасады? Салмақты түйін шығару үшін саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың сөзіне құлақ түру керек. Осындай жандардың басы Қозыбаев университетінде қосылды. Алдағы Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған басқосуға тарихшы ғалымдар, музей қызметкерлері мен студенттер қатысты.

ӘСЕТ ЖӘНІСОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ Халықаралық кампусының атқарушы директоры:
–  “Сіздер білетіндей, бұл – біздің еліміздегі ең басты ұлттық мерекенің бірі. Оның маңыздылығын, оның қажеттілігін айтудың маңызы өте зор. Себебі, Егемендік туралы декларация – біздің одан кейінгі Тәуелсіздігіміздің бастамасы, оның бірінші қадамы деп айтуға болады”.

Егемендік туралы декларация – төрден табылатын басты құжат. Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа жасалған соңғы қадам деуге болады. Басқосуда осы турасында біраз дүние айтылды.

ӘСЕТ ЖӘНІСОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ Халықаралық кампусының атқарушы директоры:
– “Декларация 1990 жылы 25 қазанда қабылданды. Еліміздің территориялық тұтастығы айқындалды. Елімізге ішкі және сыртқы саясатты тәуелсіз түрде жүргізуге мүмкіндік берді”.

Қазақстан 36 жылдың ішінде нендей жетістікке жетті? Айтатын дүние жетерлік. Бұның барлығы – Тәуелсіздіктің жемісі. Жастар жағы білікті мамандардың естеліктерін, ақылын ұйып тыңдады.

АЛЕКСАНДР ЧУХНО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Қазақстан тарихы және құқық” кафедрасының еңбек сіңірген профессоры:
– “Бүгінгі конференция студенттер мен университет қызметкерлері біріктірді, өзара пікір алмасуға, елдің даму бағытын талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені, жастар аға буынның көзқарасын танып, ой түйеді. Сондықтан осындай конференциялар мен ашық пікірталастар тұрақты түрде өткізіліп тұруы керек деп есептеймін”.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми ынтымақтастықты дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және университеттің ғылыми, архивтік әрі музей ұйымдарымен байланысын кеңейтуге бағытталған ресми шешім қабылдау жоспарланған.

Аружан Султанова