Білім

Бескөлде журналистика және педагогика сыныптары ашылды

Қызылжар ауданындағы №3 Бескөл орта мектебінде жоғары сынып оқушылары үшін қос жаңа бағыт жұмысын бастады. Енді 10-11-ші сынып оқушылары педагогика мен журналистика салаларын тереңірек меңгеріп, болашақ мамандығына мектеп қабырғасынан бастап дайындала алады.

РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры:
– “Өткен жылы Ғ.Мүсірепов ауданында педагогикалық сынып ашылды. Биыл Шал ақын ауданындағы 2 мектепте осындай сыныптар жұмысын бастады. Мұндағы мақсат – оқушыларды мамандыққа ерте бейімдеп, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға мүмкіндік беру. Қазір педагог кадрлардың тапшылығы байқалады. Сондықтан аудандар мектеп қабырғасынан бастап болашақ мұғалімдерді даярлауға басымдық беріп отыр”.

Ал журналистика сыныбы өңірде алғаш рет ашылып отыр. Бұл бастама оқушыларға ақпарат саласының қыр-сырын ертерек танып, шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашады. Сонымен қатар болашақ журналистерді де даярлауға негіз болмақ.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі:
– “”Алаш” қайраткерлері ұлттық жазу мен баспасөздің негізін қалады. Қазіргі ұрпақ олардың жолын жалғастырып, өнегесін алуы керек. Осы мектептен болашақта өз ісінің нағыз маманы атанатын талантты журналистер мен жазушылар шығады деп сенемін”.

Журналистика бағытын 15 оқушы таңдаған. Мұнда олар ақпаратпен жұмыс істеуді, ойын сауатты жеткізуді және камера алдында өзін ұстауды үйренеді. Сынып заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Бұл оқушыларға болашақ мамандығының жұмыс үдерісімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

ГҮЛДЕН ҚОЖАХМЕТОВА, №3 Бескөл орта мектебінің оқушысы:

– “Журналистика саласы – бұл ең бірінші қоғам үшін жұмыс атқару, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру. Камера алдында өзін дұрыс ұстау, әрдайым қоғам алдында өзін дұрыс шығару деген сияқты көптеген жақсы қабілеттерді өз бойына сіңіріп алады”.

Ал Педагогика сыныбында 19 оқушы білім алады. Олар Бескөл ауылындағы 3 білім беру ұйымынан жиналған. Жоғары сынып оқушылары ұстаздық мамандықпен алдын ала танысып, білім беру саласында жұмыс істеудің ерекшеліктерін үйренеді.

БАЛАУСА НҰРЛАН, №3 Бескөл орта мектебінің оқушысы:
– “Педагогика мамандығының қыр-сырын білу өзіме қатты қызық. Себебі, тіл әдебиет саласында менің біраз жылдық еңбегім бар. Оқулар мен олимпиадаларға қатысып жүрдім. Бұл мамандық өзіме жақын. Себебі, өзім ізденіп, балаларға білім бергім келеді. Білім алу ешқашан да артық болмайды”.

Қазіргі таңда №3 Бескөл орта мектебінде барлығы 462 оқушы білім алады. Жаңа бағыттардың ашылуы оқушыларға өз қабілетін сынап көруге, қызығушылығын дамытуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

Жансая Дербисова