Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде мың тоннадан астам өнім сатылды

Көкөніс, балдың түр-түрі, жұмыртқа, ет пен сүт және мал азығы. Петропавлда ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттық Мағжан Жұмабаев көшесінде ұйымдастырылды. Шарада мың тоннадан астам ауылдың сапалы, табиғи өнімдері қолжетімді бағамен саудаланды.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
– “Жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Сиыр мен қой еті 3 мың теңгеден саудалануда. Жылқы еті 3300 теңгеден сатылып жатыр”.

Жәрмеңкеде тұрғындар арасында сұранысқа ие сүт және сүт өнімдері мен жұмыртқа дүкендегіден 15 пайызға арзан бағада сатылды. Сонымен қатар, көкеністің түр-түріне де арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

 Тұрғындар күнделікті қолданатын тауарлардың бағасы:

Жұмыртқаның ондығы- 500 тг

1 л сүт – 250 тг

1 кг ірімшік – 1000 тг

1 л қаймақ – 2700 тг

1 кг май – 5500 тг

Пияз, картоп, сәбіздің 1 келісі – 130 тг

1 кг орамжапырақ – 100 тг

Ақжарлықтар петропавлдықтарға арнап мол көлемде өнім әкелген. 1 сағаттың ішінде тауарларының таң жартысы сатылып кетті.

АСХАТ СӘРСЕНБАЕВ, Май ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы:
– “Салмағы 150 келі болатын 100 дана тауық етін алып келдік. Бір келісін 1200 теңгеден сатудамыз. Петропавлда өтетін жәрмеңкелерге ай сайын келеміз”.

Жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Жауаптыларға бағаның тұрақты болуын қадағалауды тапсырды. Олег Гавриловтың омарташылықпен айналысып жүргеніне 30 жылдан асқан. Кәсіпкерде 100-ден астам ара жанұясы бар. Жәрмеңкеге ара шаруашылығы өнімдерінің 40-тан астам түрін әкелген.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, “Пасека Қызылжар” ЖШС басшысы, Петропавл қаласы:
– “Біз тек табиғи әрі сапалы бал ғана сатамыз. Ара шаруашылығы өнімдері адам ағзасына өте пайдалы. Суық тиіп, ауырған кезде жазылуға көмектеседі. Асқазан ауруларын емдейді. Петропавлда өтетін жәрмеңкелерге қатысып келе жатқаныма 20 жылдан асты”.

Жәрмеңкеде 200 тоннадан астам жемшөп саудаланды. Шарада бидайдың тоннасы – 55 мың теңгеден, астық қалдықтарының тоннасы 35 мың теңгеден сатылып жатыр.

ҚАНАТ БЕКТЕМІРОВ, сатушы, Есіл ауданы:
– 16 тонна арпа мен жемдік астық қоспасын әкелдік. Аз уақыттың ішінде барлығы сатылып кетті”.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Берекесі тасыған жәрмеңке – шаруаның еңбегі мен халықтың сұранысы тоғысқан орын. Бірі қыстық азығын қамдаса, енді бірі маңдай терімен өндірген өнімін саудаға шығарады. Сөрелерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан түрі самсап тұр. Бастысы – баға қолжетімді, таңдау мол”.

Осылайша, ауылдың дәмін сағынған Петропавл тұрғындары қысқа қамданып алды. Тұрғындар шарадағы тауарлардың бәрі балғын, бағасы да қалта қақпайды, – дейді. Айта кету керек, жыл басынан бері облыс орталығында 215 жәрмеңке ұйымдастырылған.

Нурасыл Ахмет