Ауыл шаруашылығы

Уәлиханов ауданында жер учаскелерін пайдалануға беру конкурсы әділ өтпеген

Уәлиханов ауданында жер учаскелерін пайдалануға беру конкурсы кезінде заң талаптары бұзылған. Дәлірек айтсақ, байқауды өткізу үшін арнайы комиссия құрылған. Құрамына 10 бірдей мемлекеттік қызметкер кірген. Лауазымды тұлғалар өтінімдерді бағалау барысында үміткерлердің мүмкіндіктерін дұрыс бағаламаған. Нәтижесінде құқығы бұзылған шаруа қожалығы сотқа талап-арыз түсірген. Тексеріс жұмыстары нәтижесінде конкурсқа қатысты шешім заңсыз деп танылды. Аталған мәселе әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

АРАЙ КАРИНОВА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:
– “Комиссияның құрамында Уәлиханов ауданындағы 3 бөлімнің басшысы мен 7 ауылдық округтің әкімі болған. Байқауға “Керей”, “АБ Trade” және “Жасұлан” шаруа қожалығы қатысқан. Өтінімдерді бағалау кезінде алғаш аталған екі шаруашылықтың ветеринария мамандарының дипломдары ескеріліп, 10 ұпайдан берілген. Ал “Жасұлан” шаруа қожалығында жұмыс істейтін мал дәрігерінің біліктілігі есепке алынбаған. Лауазымды тұлғалар ҚР “Мемлекеттік қызмет туралы” заңының 62 бабы 1-тармағында көрсетілген талаптарды бұзды. Яғни, шараны әділ өткізбеді”.

Жер – ауыл шаруашылығы үшін маңызды ресурс. Сондықтан оны пайдалануға беру байқауларын әділ өткізіп, әр қатысушыға теңдей қарау қажет. Комиссия мүшелері өз кінәларын мойындады. Қателік жіберулеріне не себеп болғанын айтып берді.

– “Жуырда егістік және жайылым жерлерді пайдалануға беру байқауларын өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сол себепті, комиссия мүшелері шатасып, бағалау кезінде қателік жіберген. Кінәмізді мойындаймыз. Алдағы уақытта тиісті жұмыстарды жүргіземіз”.

Лауазымды тұлғалар бұған дейін теріс қылыққа бой алдырмапты. Сондай-ақ, 10 бірдей мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығарылса, кадр тапшылығы болуы мүмкін. Кеңес мүшелері осыларды алға тартып шешім шығарды. Жақында аудан әкіміне комиссия мүшелеріне ескерту түрінде жаза қолдану жөніндегі хат жолданбақ.

Нурасыл Ахмет