ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Ер міндеті – ел қорғау! Біз қазір Петропавлдағы Тәуелсіздік стеласының жанында тұрмыз. Дәл осы жерде облыс әкімі өңірімізден әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарды шығарып салу рәсіміне қатысып жатыр”.
Мына қаз-қатар тізілген жігіттер бүгін өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанады. Темпсе темір үзер азаматтар Алматы қаласындағы 38-жеке десанттық-шабуылдау бригадасына іріктеліп алынған.
ТИМУР ӘЛЖАНОВ, “Аналар көзімен” жобасының жетекшісі:
– “20 жігіт ер міндетін 61993 әскери бөлімінде атқаратын болады. Олар ұзақ іріктеуден әрі медициналық тексерістен өтті. Себебі, десанттық-шабуылдау бригадасында мерзімді әскери қызметтен өту үлкен күш-жігерді талап етеді. Жас сарбаздарға сәттілік тілейміз. Сонымен қатар, облыста “Аналар көзімен” акциясы бастау алды. Оның аясында азаматтар алты ай әскери қызмет өткергеннен кейін, оларға ата-аналарымен барып тыныс-тіршілігімен танысып, қызмет барысын бақылаймыз”.
Бүгін сарбаздарды жерлестері сән-салтанатпен шығарып салмақ. Арнайы іс-шараға ардагерлер, қоғам белсенділері және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бүгін біз жас сарбаздарды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шығарып салудамыз. Құрметті сарбаздар, сіздер ересек өмірдің маңызды белесіне қадам басып, еліміздің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты міндетті атқарасыздар. Қазақтың даңқты батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген өсиеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл сөздер әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алып, елге қызмет етудің өмірлік ұстанымына айналуы тиіс”.
Кейін өңір басшысы жас сарбаздарға арнайы естелік сыйлықтар табыс етті.
РУСЛАН ТӘЖІБАЕВ, сарбаз:
– “Өзімнің таңдауым десанттық-шабуылдау бригадасы еді, соған түстім. Алдағы уақытта әскери адам болғым келеді”.
Айта кетейік, биыл күзгі әскерге шақыру науқанында өңірден түрлі әскери құрылымдарға 300-ден астам азамат аттанды. Бұл жалпы бекітілген жоспардың 60 пайызын құрайды.
Улан Ыдырыс