Қоғам

Тәртіп сақшылары марапатталды

Ақан сері атындағы облыстық филармонияда теріскейік тәртіп сақшылары Республика күнін атап өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Ол өз сөзінде полиция қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, шенділердің қоғамдағы рөліне тоқтала кетті.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Республика күні – еліміздің тәуелсіздігін, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды мереке”.

Республика күні қарсаңында Ішкі істер органдарының 30 қызметкері марапатталды. Оларға кезекті арнаулы атақтар мен ведомстволық наградалар табысталды. Қоғамдық тыныштықты сақтау – полиция міндеті. Құрмет көрсетілген жандардың елдің тұрақтылығы мен дамуына қосатын үлесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сахнаға шыққан мамандардың қатарында Ерлік Есләмбеков те болды. 20 жылдан аса тер төгіп келе жатқан азаматтың иығына “үш жұлдыз” қонды. Бүгін ол полковник атанды.

ЕРЛІК ЕСЛӘМБЕКОВ, Шал ақын ауданы ПБ бастығы:
– “Бүгін өте қуанышты күн. Барлық қазақстандықты Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мен ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет атқарамын”.

Полиция қатарында тепсе темір үзетін әрі қырағы мамандар көп болу тиіс. Бұл тұрғыда Жедел-басқару орталығының қызметкерлері ойға келеді. Олар тәртіптің бұзылмауын күндіз-түні қадағалап, тыныштықтың бұзылмауына септесуде.

ЕРІК КҮЛЖАНОВ, СҚО ПД Жедел-басқару орталығының бастығы:
– “Полиция қызметінде 2002 жылдан бері қызмет атқарамын. Қазіргі күні 25 жыл болды жұмыс істеп келе жатқаныма осы салада. Бүгін Республика күніне орай облыс әкімінің атынан алғыс хат алып жатырмын”.

Ел игілігі жолында аянбай еңбек ету – шенділердің басты ұстанымы. Бүгінгі таңда облыста 2200-ден астам полиция қызметкері жұмыс істейді.

Улан Ыдырыс