Солтүстік Қазақстан облысында есірткі бизнесіне қарсы күрес жалғасуда. Бұл тұрғыда астын сызып тұрып айтарлықтай нәтиже бар. Жыл басынан бері аймақта жауапты органдардың күшімен заңсыз айналымнан 512 келіден астам зиянды зат алыныпты. Жарты тоннадан астам есірткінің 9 килограмға жуығы – синтетикалық түрі.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– “Жыл басынан бері өңір аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 217 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Жекелей тоқталсақ, 102 факт – өткізу, 9 – зиянды затты аса ірі мөлшерде сақтау, 3 жайт – контрабанда. Бұдан басқа, жедел-iздестiру iс-шараларының нәтижесiнде Ақмола және Алматы облыстарының аумағында орналасқан есiрткi өндiру жөнiндегi 2 жасырын зертхана жойылды”.
Қаңтар мен қыркүйектің аралығында өңірдегі соттарға заңның ала жібін аттағандарға қатысты 100-ге тарта қылмыстық іс жіберілген. Ондаған адам сотталды. Оңай ақша табамын дегендер тар қапастан бірақ шықты. Еске сала кетейік, Қазақстанда есірткі бизнесіне қатысы барларға жаза қатаңдаған.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– “Бүгінгі таңда тұлға есірткі таратса, ҚР ҚК 297-бабы бойынша 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Яғни, зиянды затты жасыратындар, жеткізіп беретіндерге осындай жаза қарастырылған. Ал заңсыз бизнесті ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық заңнама өзгерді. Олар 15 жыл немесе өмірінің соңына дейін темір торда өткізеді”.
Қатаң жазадан қорықпайтындар қазіргі қоғамда жетіп жатыр. Олар интернетте түрлі әрекетке барады. Ғаламторда зиянды заттар сатылатын сайттардың сілтемелері сағат сайын тарайды.
НҰРИСЛАМ ІЛЕСОВ, Петропавл қалалық ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:
– “2026 жылдың тоғыз айында есірткінің заңсыз айналымына байланысты ресурстарға апаратын 1 250 интернет-сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар, «Антифрод» ақпараттық жүйесіне құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған қазақстандық банк карталары туралы 642 мәлімет жолданды. Оларға қатысты соманың жалпы көлемі шамамен 4 млн теңгені құрады”.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Сөз соңында мынандай да дерекпен бөлісе кетейік: өңіріміздегі ең жас есірткі жасырушы – 17 жаста. Ол қаңтар айында қылмыс үстінде қолға түсті. Соттың үкімі бойынша 5 жылға сотталды. Қазір жалынды жастық шағын темір торда өткізіп жатыр. Ал ең жас тұтынушы – 14-те. Осыған байланысты полицейлер ата-аналарды жауапкершілік танытуға шақырады. Ұл-қыздарға әй дейтін әже, қой дейтін қожа қашанда қажет”.
Байболат Култанов