НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– “Қызылжар ауданының тұрғындары бөрікті аспанға атар күнге келіп жетті. Бескөл ауылында су жаңа емхана ашылды. Медициналық мекеме заманауи қондырғылармен жабдықталған. Күніне 250 адамды қабылдауға қауқарлы”.
Нысанның құрылысына 5 млрд теңге жұмсалды. Сонымен қатар, тағы бір жарым млрд теңгеге заманауи қондырғылар сатып алынған. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. Жиналған жұртшылықты құттықтады, жүрекжарды тілектерін білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Жаңа емхананың ашылуы – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл – ортақ еңбек нақты нәтижесі әрі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қосылған үлес”.
Салтанатты шарадан кейін Ғауез Торсанұлы мен Ақмарал Шәріпбайқызы емхананың жабдықталуымен танысты.
СМАЙЫЛ САТИН, Қызылжар аудандық емханасының директоры:
– “Емхана 40 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Аудан халқының саны жыл сайын өсіп жатыр. Ескі медициналық мекемеде 2 ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Жаңа нысан бір ауысымда қызмет етуімізге мүмкіндік береді. 180-нен астам қызметкеріміз бар. Оның 44-і – дәрігер”.
Облыстың денсаулық сақтау саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Соңғы 3 жылда 50 медициналық мекеме бой көтерген. Оның 4-еуі – емхана. Сондай-ақ, 100-ден астам көлік сатып алынған. Қызылжар аудандық емханасының аға зертханашысы Гүлия Хасенова аталған салада 27 жыл еңбек етіп келеді. Білікті маман орын алып жатқан оң өзгерістерге дән риза.
ГҮЛИЯ ХАСЕНОВА, Қызылжар аудандық емханасының аға зертханашысы:
– Емханаға Америкадан зертханалық зерттеулер жүргізетін заманауи аппарат әкелінді. Жабдықтың көмегімен бауыр ферменттері мен биологиялық көрсеткіштерді жылдам анықтай аламыз. Сондай-ақ, гормондардың деңгейін тексереміз. Бұл науқастардың денсаулығын жан-жақты бағалап, қажетті ем тағайындауға мүмкіндік береді.
Енді ел бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, соңғы 5 елде 1200-ден астам медициналық нысан салынған. Оның тең жартысы ауылдық жерлерде бой көтерді. Қазіргі таңда Қазақстанда 56 аурухананың құрылысы жүріп жатыр.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– “Алдағы уақытта тағы 70 аурухана салуды жоспарлап отырмыз. Биыл елімізде 32 аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Осыдан 5 жыл бұрын елдегі медициналық нысандардың тозу деңгейі 56 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 37 пайызға жетті. Жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады”.
Салтанатты шара барысында Ақмарал Шәріпбайқызы қуанышты жаңалықпен бөлісті. 1-қаңтардан бастап елімізде медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Нурасыл Ахмет