Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 65 көлік өртке оранды. Оның ішіндегі 13 темір тұлпар газ баллонымен жабдықталыпты. Теріс статистиканы әрмен қарай ұлғайтпас үшін Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері арнайы рейд ұйымдастырып жатыр. Мамандардың басты назарында – автотұрағы бар көпқабатты үйлер. Мұнда өзіндік тәртіп бар. Тиісті ережені сақтау – тұрғындардың ортақ міндеті. Мәселен, газбен жүретін көліктер баспаналардың астындағы тұрақта тұрмауы тиіс. Олар жанындағы мүлікке, сол төңірекке қауіп төндіру ықтималдығы аса жоғары саналады. Сондықтан мамандар мұндай санаттағы техниканы далаға қоюға кеңес береді.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– “Автотұрақтарда өрт жайлы автоматты түрде дабыл қағатын жүйе әрдайым жұмыс істеуі тиіс. Отты сөндіретін қондырғылар да қажет сәтте іске қосылуы керек. Тұрақтардың алдын жауып қоюға болмайды. Есік кез келген уақытта ашылуы міндетті. Осыларды тұрғындарға айтып, жалпы ережені түсіндіріп жатырмыз. Көліктердің техникалық жай-күйіне де мән беру қажет. Қазіргі таңда Петропавлда осындай 3 автотұрақ бар. Қуанышымызға орай, бүгінге дейін автотұрақтарда жану фактісі тіркелмеді”.
Аружан Султанова