Мәдениет

Жас өнерпаздар “Дала айнасы” облыстық байқауында бас қосты

Ұлттық ою-өрнек, табиғат көрінісі, жеңіл пластилин, сәндік элементтер. Бір қарағанда қарапайым заттардан ұлттық нақыштағы ерекше бұйым жасауға болады. Ол үшін шеберлікпен қатар, қиял мен талғам да қажет. Петропавлда жас өнерпаздар осы бағытта өз мүмкіндіктерін сынап, “Дала айнасы” облыстық байқауында бас қосты. Шығармашылық додаға Есіл, Тимирязев және Қызылжар аудандарының дарынды ұл-қыздары қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының бөлім меңгерушісі:
– “Байқауға облыстың әр өңірінен 29 қатысушы жиналды. Олар кәсіби және әуесқой бағыттар бойынша өнер көрсетіп жатыр. Негізгі мақсатымыз – сәндік-қолданбалы өнерді дамыту және ұлттық нақыштағы бұйымдар жасауға қызығушылықты арттыру”.

Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Есіл ауданының Корнеевка ауылынан келген қатысушы туған жерінің табиғатын бейнелеуді жөн көрген. Жас өнерпаз облыстық байқауға биыл алғаш рет қатысып отыр. Жеңіл пластилиннен түрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен 1 жылдан бері айналысады.

ІНЖУ СРАЖЕДДИН, қатысушы, Есіл ауданы:
– “Мен “Айна даласы” атты туындымды жасап жатырмын. Осы жұмысым арқылы кең даламыздың сұлулығын, табиғатын және бидай алқаптарын көрсеткім келеді”.

Ұлттық өнердің өрісі кең. Оны жас ұрпақтың қолымен жаңғыртып, жаңа қырынан танытуға болады. Жыл сайын ұйымдастырылатын мұндай байқаулар – жасөспірімдердің шығармашылық ізденісіне жол ашып, ұлттық нақышты заманауи дизайнмен ұштастыруға мүмкіндік беретін алаң.

Жансая Дербисова